Сайрам ауданында малдың сүйегі, терісін өңдейтін зауыт ашылады

55

Сайрам ауданында мал қалдығын өңдейтін зауыт салынады. Ол үшін инвесторлар тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Соған байланысты өңір басшысы аймаққа іс-сапармен барып, кәсіпкерлердің жұмысымен танысып қайтты.

Сайрам ауданында малдың сүйегін, ішек-қарнын, терісін терең өңдейтін зауыт ашылады. Себебі аймақта мал бордақылау алаңдары мен бекеттері жетерлік. Бұған дейін сойылған мал қалдығына байланысты тұрғындар тарапынан бірнеше рет дау туындаған болатын. Енді мәселе оңынан шешілмек.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бірінші кезекте малдың қалдығын тастайтын арнайы шұңқыр дайындалады. Оған жер бөлініп, тиісті жұмыс жүреді. Жауапты мекемелер осы шаруаны жүзеге асыруға күш салуы тиіс. Бірақ бұл жүйелі әрі түбегейлі шешу үшін мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салған жөн. Қалдықтардан балық, құс шаруашылығына қажетті азық әзірлеуге мүмкіндік мол. Осы бағытта біз шетел инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оған қарап отырмай өзіміздің кәсіпкерлер де өздеріңіз де өңдеу технологиясын әкеле берулеріңіз керек»

Облыс басшысы тұрғындардың уәжін тыңдап, Қарабұлақ ауылындағы мал бордақылау алаңдарын аралап шықты.

Айта кетейік, Қарабұлақтық мал сою бекетінде қазір 30 адам жұмыс істейді. Кәсіпкер бұл бизнесті жүргізу үшін 200 млн. теңге инвестиция салған. Қазір нысан күніне 100 малды союға қауқарлы.