Шымкентте жол көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

43

29 маусым түскі сағат 13:30 шамасында Тұран АПБ-ның 102 арнасына жергілікті тұрғындардан қоңырау түсті. Олар белгісіз автокөлік тізгіндеушісі көшедегі газ жәшігін соғып, жауапкершіліктен жалтару мақсатында, оқиға орнынан кетіп қалғанын жеткізді. Жол-көлік оқиғасының салдарынан бірнеше жеке тұрғын үй уақытша газсыз қалды.

Жедел басқару орталығының бейнебақылау испекторлары іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында жол-көлік оқиғасына кінәлі ГАЗ-3302 автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ер адам, бүгін қала аумағында Патрульдік полиция қызметкерлерімен тоқтатылып, ұсталды.

Аталған жайтқа қатысты, полицейлер ҚР ӘҚБтК 611-бабы 2-бөлігі (жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Көлік айыптұраққа жеткізілді.

Жинақталған материалдарды тәртіп сақшылары мамандандырылған сотқа жібереді. Өз кезегінде, автокөлік жүргізушісінен газ компаниясына келтірілген материалдық шығын сот тәртібімен өндірілетін болады.