«15 жаңа мектептің құрылысы уақтылы аяқталмауы мүмкін»- Әлихан Смайылов

7

Биыл қыркүйекке дейін пайдалануға берілетін 15 жаңа мектептің құрылысы мерзімінде аяқталмай қалуы мүмкін. Бұл туралы үкіметтің кезекті отырысында Премер-Министр Әлихан Смайлов айтты.

2023-2024 оқу жылында жалпы 4 миллионнан астам бала мектепте білім алса, оның 354 мыңы 1-сыныпқа барады.

Биыл бірінші қыркүйекте ел бойынша 52 жаңа мектеп, ал жыл соңына дейін тағы 102 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша 12 апаттық және 29 үш ауысым­мен оқытатын мектеп мәселесін шешімін таппақ. Сонымен бірге 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыс­ы жүріп жатыр.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өңірде 936 мемлекеттік білім беру мекемесі бар. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 5.9 млрд теңге қаралып, 2 237 млн тенгеге қоршау, 1 670 млн. тенгеге бейнекамералар. 409 млн- тенгеге  турникеттер орнатылды. Сонымен қатар, санитарлық талаптарға сай 427 миллион теңгеге әжетханалар жөнделіп, септиктері де ретке келтірілді. 471 миллион теңгеге дабыл түймесін орнаттық. 709 млн. теңге кәсіби  күзет қызметін ұйымдастыруға жұмсалды».

Премьер-министр жаңа оқу жылында ашылатын 52 мектептің 15-і уақытылы жұмысын бастай алмай қалуы да мүмкін дейді. Ондай мәселе бар өңірдің бірі Түркістан облысы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет».

Үкімет басшысы елімізде күрделі жөндеуден өтіп жатқан 180 мек­теп жайлы да айтып, жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмысы аяқталмай қалу қаупі бар мектептер де бар екенін жеткізді. Мұндай жағдай орын алмас үшін жауаптыларға тапсырма берді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:«Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан об­лыстарында осындай 2 мектептен бар. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сәйкес барлық құрылыс жұмысы жаңа оқу жылының бас­талуынан екі апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу исі жоқ сыныптарға келуге тиіс»

Үкімет басшысы мектеп формасының қолжетімді бағада болуын да тілге тиек етті. Ол үшін арнайы жәрмеңкелер жиі өткізу керек дейді ол.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңке­лері мен көшпелі автодүкендерді ұйым­дастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен «Атамекен» палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауға тиіс»

Үкімет отырысында бейнебақылау камералары да назардан тыс қалмады. Білім беру ұйымдарын лицензия­лан­ған күзетпен қамтамасыз ету бойынша да сөз қозғалды.