Таяуда ғана ашылған Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты нөмірі 10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының оңалту шаралары шипасын беруде.
Мүгедектер арбасына таңылған Нейла Нуриева осыдан үш ай бұрын қарттар үйінің қамқорлығына алынып, 6 жылдан соң аяққа тұрды.
Оған «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» септігі тиген.
— Мен Түлкібаста тұрғанмын. Бала тумадым. Көп қиындық көрдім. Күйеуім қайтыс болған соң мені әлеуметтік орталыққа орналастырды. Жағдайыма қарап, ота жасау керек деген ұйғарым болды. Бірақ мен келіспедім. Бұл жаққа келгеніме 3 ай болды. Өте жақсымын. Өз аяғыммен жүргенімнің өзі бір бақыт. Енді мен азаматтарды еш мойымауға шақырамын,-дейді Нейла Нуриева.
Кейуананың негізгі ауруы – жүйке жүйесіне қатысты. Ұзақ жылдар арбаға таңылғанның салдарынан белі мен омыртқасына зақым келген. Қазір мамандар осы олқылықтың орнын толтыруда. Білікті мамандар емдік массаж жасауда.
Жалпы, 50 адамға арналған толық стационарлы мекемеде 40-тан астам қызметкер жұмыс істеуде. Қарияларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, экономикалық, құқықтық, мәдени және еңбек сынды 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Ғимарат асхана, массаж бөлмесі, бассейн және кір жуу бөлмелерімен жабдықталған.