Шымкент: 53 893 оқушыны мектепке дайындауға 2 млрд. астам қаржы жұмсалды

50

Аз қамтылған отбасылардағы оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау басты назарда. Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша аталған санаттағы ұл қыздарды мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге биыл әр оқушыға 41 мың теңгеден бөлінді.

Жаңа оқу жылынан бастап шаһардағы А.Пушкин атындағы №1 мектеп гимназиясында 3 мыңнан астам оқушы екі ауысымда оқиды. Мамандар аз қамтылған отбасыларындағы 408 баланы мектеп формасы және оқу құралдарымен қамту басты назарда дейді.

Сымбат Нысанәлі, Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның әлеуметтік педагогы: «Биыл ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес және ата-аналардың өтініші бойынша 408 балаға 41 мың теңгеден аударылды. Олардың 42-сі атаулы әлеуметтік көмек алатындар. Үшеуі қамқорлықтағы балалар және 327-і аз қамтылған отбасыларының оқушылары».

Қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша аз қамтылған отбасыларындағы 54 мыңға жуық оқушыға көмек көрсетілді. Мектеп формасы және оқу құралдарын сатып алу үшін олардың ата-аналарының есеп шотына 2 миллиард 209 миллион тенге аударылды.

Жанат Тәжиева

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «53 мың 893 оқушы 41 мыңна теңге көмек алды. Бізде мұндай қолдауды қажет ететін бірқатар санатқа жататын оқушылар бар. Оларға да қаржылай көмек көрсетіледі. Биыл көмек ерте беріле бастады. Шілде айынан ата-аналардың есеп шотына ақшаны аударды».

Білім ордасы жаңа оқу жылына сақадай-сай. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында 3 турникет, 25 камера, дабыл түймесі орнатылған. Балалардың жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасау үшін арнайы кабинет ашылған. Мұнда балалар робототехниканың қыр-сырына қанығады.

Бір ғасыр тарихы бар мектептің ескірген ғимараты 2014 жылы сүріліп жаңадан бой көтерген болатын. Ал 1970 жылдары пайдалануға берілген бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Замира Сәрсеева, А.Пушкин атындағы №1 мектеп- гимназия директорының орынбасары: «Физика кабинетінде тұрмыз. Бұл бөлменің еденін жөндедік. 8 дәретхананы жөндедік. Су ағарынан жауында су ағатын еді, соны да жаңаладық».

Ғимаратқа бұдан бөлек, балалардың ой өрісін жетілдіруге, шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға арналған, түрлі шараларды өткізетін мәжіліс залы да жөнделіп, жаңа желдеткіштер сатып алыныпты.