6 адамды қағып кеткен басқарушысыз автобусқа қатысты сот басталды

52

Шымкентте алты адамды қаққан атышулы автобус апатына қатысты сот басталды. 5 айға жалғасқан тергеуден кейін зардап шеккендердің барлығы  сот залына жиналды. Олар салғырттық танытқан автобус жүргізушісін тиісті түрде жазасын алуды талап етіп отыр. 

«Моргқа кірдім, жатыр. Қызымның үстіндегі көйлегінен таныдым. Қалпағы былай ашылып кеткен. Шашы жайылып ұзын боп жатыр. Арғы жағын білмеймін. Шыққасын құлап қалдым» -дейді Алтынай Тұңғатаева.

Басқарусыз қалған автобус апатынан жалғыз қызынан айырылған Алтынай Тұңғатаеваның көз жасы әлі күнге құрғамаған. Ол апат орнында қаза тапқан Айзаданың анасы. Марқұмның анасы перзентінің ұзату тойын көру арманым еді дейді. Алайда арманын бір автобус күлге айналдырған.

Алтынай Таңғұтаева, марқұмның анасы: «Мен бұл жерде шопырдың кінәсі деп ойлаймын. Рычагын қойып сөйту керек қой, адам сияқты. Жазықсыз қызым кетті. Асыраушым, барым да еді. Қатаң жазасын алсын. Бес адамның қаны кетіп отыр ғой. Шопыр жазықсыз дегенге сенбеймін. Неге рычагын қоймайды? Неге қырға қойып кетеді?».

Ал Құралбек Егізбаев бауыры Азизаның артында 5 бірдей баланың қалғанын айтады. Жалғызбасты ана оқиға орнына жақын жерде жұмыс істеген екен. Қазір бала-шағасы туыстарының үйін паналап жүр. Десе де автопарк жәбірленушілерге моральдық және материалды шығынын өтеп беріпті.

 Құралбек Егізбаев, Азиза Егізбаеваның туысы: «Әпкем «Рахима Плазада» жұмыс істейтін. Сол кезде үйіне қайтып келе жатқан. Оның артында 5 баласы қалды. Оларға автопарк 5 млн. теңге әкеп берді».

Ал сотталушының заңгері сараптама дұрыс жасалмаған деп отыр. Ол жол апатына автопарк кінәлі деп санайды. Сол үшін де моральдық шығынды өздері өтеп беріп отырған болуы мүмкін дейді, заңгер.

Бақытжан Сатыбалдиев, сотталушының заңгері: «Автобус күні бойы жүргенде тормазды колодкалары істемей қалуы мүмкін. Қызған салдарынан. Қазіргі таңда жәбірленушінің тарапы айтып отыр. «Автопарк басшысы бізге келіп кешірім сұрап 5 млн. берді. Әрқайсымызға. Бізден ешқандай шағым жоқ. Моральдық, материалдық өтем бәрі берілді» деп отыр. Егер автопарк кінәлі болмаса, 5 млн. не үшін береді?»

Сотта айыпты ретінде 49 жастағы автобус жүргізушісі жауап беріп жатыр. Оған «абайсызда 2 немесе одан да көп адам өліміне алып келген жол-көлік апатын жасау» дерегі бойынша айып тағылды. Қадағалау органының мәліметінше, жүргізуші қоғамдық көлікті заңсыз орынға қойған. Салдарынан жантүршігерлік жағдай орын алған

Дүйім жұртты дүрліктірген жол апатынан жалғыз 18 жасар Дариға Сейдалиева аман қалды. Алайда ол сот залына өзі келе алмаған. Орнына қыздың заңды өкілі қатысып жатыр. Оның айтуынша қызға жауапты мекеме 2 млн. теңге беріп, медициналық шығындарын өтеп беруге уәде еткен.

Атышулы оқиға бойынша екінші сот отырысы 27 қыркүйекке белгіленген. Ол процессте 20 куәгердің сөзі тыңдалатын болады.