Пәтерді жалға беру үшін міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет пе? Бұл жаңа оқу жылында ауыл-аймақтан қалаға ағылған студенттерге баспанасын жалға беруге бекініп отырған тұрғындар үшін дәл қазіргі таңда көкейтесті сауал болуы мүмкін.
Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, пәтерді жалға беру де кәсіпкерлік қызметтің бір түрі болып табылады. Сіз ол арқылы табыс табасыз. Ал түскен табысқа белгілі бір мөлшерде салық төлеуіңіз қажет. Салықтан жалтаратындар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаңыз. Сондықтан жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніңіз абзал.
Дегенмен егер сізде жалдамалы жұмысшы болмаса және пәтеріңізді жеке тұлғаға жалға берсеңіз, сондай-ақ сіздің жылдық табысыңыз 1175 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен (4 053 750 теңге) аспаса қам жемеңіз. Себебі ҚР Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші ретінде пәтеріңізді жалға берерде жеке кәсіпкер болып тіркелудің қажеті жоқ.