Шымкентте қаңғыбас иттер қабірлерді қазуда

179

Шымкентте қаптаған қаңғыбас иттер қабірлерді қазып жатыр. Шырақшылар, иттер мүрделерді жеп кетпес үшін күндіз-түні күзетіп жүргендерін айтады. Бұралқы иттер тіпті адамдарға да шабуылдай бастаған көрінеді. Жыл басынан бері ит қауып, ауруханаға түскендер саны 1700-ге жуықтаған. 

Шымкентте қаңғыбас иттер мола аралап, қабірлерді қазып жүр. Ынтымақ шағынауданының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Сөздерінше, иттер таңертеңнен кеш батқанға дейін тынбай қабір аршиды. Мазарат шырақшылары қаңғыбас төрт аяқтылардың қазған жерін көміп әлекпіз дейді. Ал бейіттердің басында иттердің табан іздері мен нәжістері жатқан көрінеді.

Шухратбек Исраилов, шырақшы: «Иттерден  шаршадық, күніге қазып жатыр, қаншасын қуып жатырмыз. Арыз бердік, не болмай жатыр. Іш жағына дейін қазып жатыр. Жақында бұл мәйіттерді сыртқа шығара ма жейді ма білмеймін. Міне қазып-қазып, арттарынан көміп шығып жатырмыз. Ит ататындар ата алмайды оны, оғы 3 метрге ғана жетеді оғы, ұйықтатуға.»

Тұрғындардың сөзінше дәніккен иттер енді көшедегі адамдарға да шабуыл жасай бастаған. Әсіресе мектеп оқушылары зардап шегіп отыр екен. Жыл басынан бері ит қапқан адамдардың саны 1700-ге жуықтапты. Тұрғындар жақында ғана ит тап берген баланы әрең алып қалғанын айтады.

Рысбай Асанұлы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кеше жақынла Құртаев көшесінде бір баланы ит талап тастапты. Кешке таман-азанда балаларға да қиын болып жатыр. Ит бір жылдан бері қаптап кетті. Қанша жылдан бері ақшамызды бөліп жатыр. Ол ақша қайда кетті? Кімге жұмсап жатыр? Ол бізге тас қараңғы боп тұр. Сонда адамның құқығынан иттің мәртебесі күшті боп кетті ғой бұл жерде. Білмеймін не істейтінімізді. Айтпаған жеріміз, істемеген нәрсеміз қалмады.»

Шымкентте ит аулаумен айналысатын 6 бригада бар екен. Олар былтыр 40 мың қаңғыбас ит-мысық ауласа, биыл бар болғаны 16 мың 800 бұралқыны ұстапты. Жауапты басшылар ит-мысықтарды жаппай жоюға заң мүмкіндік бермейді деп отыр.

Ерлан Әденов, Шымкент қаласы ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «16 мың 800 ит ауланып келген болса ит мысықтар оның 13 мың 500-не жуығы жансыздандырылды. Олар жансыздандырылып, эвтаназияланып арнайы биотермиялық шұңқырлар бар, соларға тасталынды. Ал, 4200 бас ит қоғамдық еріктілер бар ғой зооволонтерлар деп атаймыз, солар тарапынан питомникке барып өздері асырау үшін алып кеткен 4200 бас ит-мысықты.»

Дегенмен, жауаптылардың жұмысына тұрғындардың көңілі толмай отыр. Себебі көшелерде қаңғыбас иттер азаяр емес. Айта кетейік, жабайы жануарларды аулап, кастрация жасап, бюджеттен жоюға 264 миллион теңге бөлінген.