Түркістанда алғаш рет «Жүректің коронарлық артерияларын стенттеу» отасы жасалды

65
egemen.kz

Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері жүректің ишемиялық ауруларын диагностикалаудың «алтын стандарты» болып саналатын коронарографиялық зерттеу әдісін бірден бес пациентке жүргізді.

Оның екеуіне «транслюминальды баллонды ангиопластика» және бір пациентке «коронарлық артерияларды стенттеу» операциялары жасалды, қалған екеуінде ангиопластика мен стенттеуге ешқандай көрсеткіш анықталған жоқ.

Барлық хирургиялық араласулар әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде асқынусыз сәтті өтті. Қазіргі таңда 5-науқастында жағдайлары жақсы, отбасыларына оралған.

Коронарлық артерияларды стенттеу – жүрек артерияларының тарылуына немесе окклюзиясына (толық жабылуына) байланысты коронарлық артерия ауруының (стенокардия, миокард инфарктісі) түрлерін емдеу әдісі. Бұл әдістің негізгі артықшылығы – кесусіз және жалпы анестезиясыз, микрохирургиялық жабдықпен ауыртпалықсыз, жергілікті анестезиямен орындалуы.

Ангиограф аппараттың астында коронарлық арнаның бүкіл көрінісін көріп, зардап шеккен тамырдың ішіне стент енгізіледі. Нәтижесінде артерия тамырының қабырғасының жабылуына жол бермейді және қалыпты қан ағымын қамтамасыз ету арқылы: инфаркттың алдын алады, стенокардия ұстамаларының жиілігі мен күші азаяды, қан айналымының бұзылу қаупі төмендеп, физикалық белсенділік жоғарылайды. Оңалту кезеңінің қажеттілігі болмайды, операциядан бірнеше күн өткен соң қалыпты өміріне оралуына мүмкіндік туады.

Алдағы уақытта ақ халаттылар Түркістан қаласы және көршілес өңір тұрғындарын тегін, сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын.