Úı ANONS “Қызымызды айуандықпен өлтірді”: Шымкентте пышаққа ілінген бойжеткеннің денесі туыстарына берілді

“Қызымызды айуандықпен өлтірді”: Шымкентте пышаққа ілінген бойжеткеннің денесі туыстарына берілді

фото ІІМ

Кеше күн қарайғанда көше бойында таныс қызын пышақтап, оқиға орнынан бой тасалаған күдікті әлі іздестіріліп жатыр. Бірнеше жерінен пышақталған марқұмның денесін туысқандары туған жері Төрткөл ауылына алып кетті. Олар күдікті ұсталып, жазасын алса дейді.

Мына жантүршігерлік оқиға кеше кеште Шымкенттегі Төлеметов көшесі мен Өтегенов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында түсірілген. Видеодан қыздың қарсылық көрсетіп жатқанын, ал жігіттің оның артынан қуып, ұрып-соғып, пышақтап, қашып кеткенін көруге болады.

Оқиға туралы видеолар лезде әлеуметтік желіге тарап кетті. Айдың-күннің аманында қоғамдық орында адамның пышаққа ілінгеніп, жерде сұлқ жатқанын көргендер мен естігендер сыртқа шығуға қорқып та жатты. Айтуға ауыз бармайтын сұмдық болды дегендер де бар. Бейресми ақпаратқа қарағанда, марқұмның 11 жеріне пышақ сұғылған. Бетін тіліп тастаған.

Түнделетіп қайтыс болған бойжеткеннің де, оны өлтірді деген күдікке ілінген жігіттің де суреттері жарияланып кетті. Олардың бірін-бірі танитыны, тіпті жігіт қызға сөз салғаны жөнінде де айтылды. Бірақ бұл ақпараттарды ешкім растамады, не жоққа да шығармады. Отырар телеарнасының түсірілім тобы бүгін оқиға орнына барды. Ондағы тұрғындардың қорқып қалғаны байқауға болады. Ешбірі оқиға туралы тіс жармады. Сөйлеуге құлық танытпады.

Белгілі болғаны оқиға орнында мерт болған 21 жастағы Нұрай Серікбай сол маңдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде отбасымен бірге өмір сүрген. Екі ағасы бар, үйдің – кенжесі. Студент. Әке-шешесі қалада түрлі салада жұмыс істейді. Қара жамылған отбасы дел-сал күйде. Марқұмның денесі бүгін түсте туыстарына берілді. Жақындары қыздың денесін мәйітханадан алып, Түркістан облысы Төрткүл ауылына алып кетті.

Нұрай Серікбайдың туыстары арадан бірнеше сағат өткенімен күдіктінің ұсталмай жатқанына наразы. Олар қызын қоғамдық орында пышақтап, өлтірген жігітті тездетіп табуды сұрайды.

КӘРІМ КЕНЖЕТАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ: Қызымызды айуандықпен өлтіріп отыр. Бұл өте ауыр қайғы. Жаңағы күдікті бала, не дейміз қанішер бала әлі ұсталмай жатыр дейді. Талап заң жүзінде қамалсын, жазасын алсын”.

Полиция күдіктінің ұсталмағанын растап отыр. Оқиға орны мен қылмыстық іс сәйкес келетін бағыттама да тарап үлгерді. Онда күдікті ретінде 29 жастағы Шерхан Аймаханның іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат бар. Ашық дереккөзге қарағанда, күдікті 2021-2024 жыл аралығында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Қалалық полицияның дерегінше, оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалған. Күдіктінің кім екені анықталып, жедел ісдестіру шаралары жалғасып жатыр.

“Күдіктінің кім екені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұммен таныс болған. Қазіргі уақытта оны іздестіру бойынша қажетті іс-шаралар жүріп жатыр”
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Қазірге күдіктінің марқұмды неге пышақтағаны белгісіз. Ал 21 жасында кісі қолынан қаза тапқан бойжеткенді туыстары ертең Төрткөлде жаназасы шығарылатынын хабарлады.

Дилара Иса