Кентауға жылу мерзімінде беріледі. Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған үкімет басшысы Әлихан Смайылов Кентау қаласындағы жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ , өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралап, индустриалды аймақтың бүгінгі ахуалын да өз көзімен көрді.
Кентаудағы жылу электр орталығындағы 6 қазандық соңғы 10 жылда күрделі жөнделмеген. Бұл жұмыстарға биыл қазынадан қыруар қаржы бөлініп, қазандықтар жөндеуден өтті. Орталықтың жағдайын көзбен көрген Үкімет басшысы облыс әкімдігіне жылыту маусымының қалыпты өтуіне барлық жағдайды жасауды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Алдымыздағы жылыту маусымына дайындық мәселесін ерекше назарда ұстап отырмыз. Бұл орталықта соңғы он жылда болмаған алғашқы күрделі жөндеуден алты қазандық өтіп жатыр. Соның төртеуі алдыңғы жылыту маусымына толығымен дайын. Бірінші, қарашада өзінің жоспары бойынша жылыту маусымына кіреміз. Ешқандай проблема болмайды. Бірақ, жалпы Кентаудағы жылуэнергоорталығы алдымыздағы жылыту маусымына дайын деп айтуға болады».
Кентауда жылыту маусымы жоспар бойынша 1-ші қарашадан басталады. Сонымен қатар, қосымша екі қазандық жыл соңына дейін жөнделіп бітеді.