«ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС -і 2023-2024 жылғы күзгі-қысқы маусымға дайындық Паспортын алды. Бұл құжат кәсіпорын қызметкерлері мен электр жүйелеріндегі жабдықтарының алдағы маусымға жоғары дәрежедегі әзірлігін растайды.
Қыс мезгіліне сақадай сай серіктестік, өзінің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Түркістан облысының Сарыағаш ауданында электр жүйелерін қайта жарақтауда. Бұл жұмыстар елді мекен халқын үздіксіз және сапалы электр жарығымен қамтуға бағытталған.
Түркістан облысында электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды қолға алынған. Сарыағаш ауданына қарасты Сіргелі ауылында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің қызметкерлері электр бағаналары мен желілерін және трансформаторларды жаңартып жатыр. Бүгінде бұл ауылда 67 бағана, ал жалпы Сарыағаш ауданы бойынша 809 жаңа темір бетон бағаналары орнатылып, оларға әуе желілері тартылды.
Сәкен Рахымжан, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і Сарыағаш аудандық электр желілерінің бас инженері: «Сарыағаш ауданы бойынша жалпы саны 809 темір электр бетон бағаналары ауыстырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 0,4 кВт әуе желілері 6,2 км, 10кВт әуе желілері 5,2 км. Жергілікті халықты жүйеге тарту жұмыстары жөндеу жұмыстары біткен соң бірден атқарылады. Сіргеліден бөлек, Жартытөбеде Құрама ауылы, Шайхана деген 10квт әуе желісі ауысып жатыр».
Энергетиктердің айтуынша, қазіргі уақытта бұл ауылдағы жаңғырту жұмыстарына 2 бригада, 3 арнайы техника жұмылдырылған. Ал жергілікті тұрғындар бүгінгі таңда өңірдегі электр жүйелерінің жаңартылып жатқанына дән риза.
Нақыпбек Шалқарбаев, Сіргелі ауылының тұрғыны: «Жарығымыздың сапасы жақсарып жатыр. Ескі бағаналар ауыстырылып, мамандар өз еңбегін адал атқаруда. 2 жылдан бері тозығы жеткен электр бағанамыз ауысты. Бұдан бөлек, мешітке бағана орнатып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді».
Шахин Абдуллаев, Сіргелі ауылының тұрғыны: «Былтыр жаңа трансформатор қойылды. Қуаттылығы бұрынғыға қарағанда мықтырақ. Бұрын 140 квт болса, қазір 250-ге трансформатор қойып қойды. Алдын өңірімізде жарық мәселесі өзекті болатын. Жел тұрса болғаны, жарықсыз қалатынбыз. Қазір бағаналар, әуе желілері де ауысып жатыр. Біз осыған ризамыз. Алдағы уақытта жарыққа қатысты ешқандай проблема туындамайды деп ойлаймын».
Айта кетейік, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өз инвестициялық бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды тірліктің арқасында ауылдағы 500-ге жуық абонент сапалы және тұрақты қуат көзімен қамтамасыз етілмек. Ал қазан айының басында басталған жаңғырту жұмыстары кестеге сай, жуық арада аяқталады дейді мамандар.