Тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға өсті

41
фото Бақ.кз

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға көтерілді. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30%-ға өсті. Осылайша, 97 мыңнан астам педагогтың жалақысы 2,5 есеге артты.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында 20390 педагог өзінің кәсіби біліктілігін арттырады. 79 мектепке дейінгі ұйымда «Құзыреттілік орталықтары» жұмыс істейді, онда тәрбиешілер тәжірибе алмасып, үздіктерін тарата алады.

Сонымен қатар, Үкімет балабақшаларда жаңа орындар ашу бойынша шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 29620 орындық 307 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жыл соңына дейін балабақшаларда барлығы 81 мың жаңа орын, ал 2025 жылға дейін 223 мың жаңа орын ашу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға кезектілікті есепке алудың бірыңғай дерекқорын құруда. Бұл қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді, деректердің бірыңғай тізілімін құрады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді.