Úı ANONS «Ине сұқты»: Тәрбиешінің әрекетінен соң балабақша меңгерушісі жұмыстан шеттетілді

«Ине сұқты»: Тәрбиешінің әрекетінен соң балабақша меңгерушісі жұмыстан шеттетілді

Шымкентте балаға күш қолданып, қысым жасаған балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса мұндай тәртіпсіздікке жол берген балабақша меңгерушісі қызметтен шеттетілді. Енді оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

«Міне, не істеп жатыр? Не істеп жатыр мынаған? Тығып жатыр».

Шымкенттегі балабақшалардың бірінде түсірілген дәл осы видео әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыланып жатыр. Онда бейнебақылау камерасын тексерген ата-аналар тәрбиешінің әрекетінен шошынып, айқайға басқанын көруге болады.

«Балаларына ине тығып, қорқытып-үркітіп, психологиялық қысым жасаған».

Желіге тараған видеоға қатысты түрлі пікір жазылды. Бірі тәрбиешіні жақтаса, енді бірі сөкті. Қоғамдық талқылауға түскен көп өтпей оқиғаға қатысты қалалық білім басқармасы пікір білдірді. Видео  №59 «Айша» мемлекеттік балабақшасында түсірілген. Оқиға 3 күн бұрын болған. Педагог қызметкер  балаларға қатысты кәсіби әдепке сай емес әрекеттер жасаған.

КҮЛЗИНА УӘЛИХАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Атап айтқанда, аталған балабақшаның «Бәйтерек» мектепалды тобының тәрбиешісі  тарапынан балаларға қатысты психологиялық және физикалық қысым көрсету белгілері, яғни шприцпен қорқытқаны, қол көтергені  анықталды».

Оқиғаға қатысты жедел кеңес өткізілген. Оған прокуратура, полиция, қалалық білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасының, балабақшаның қызметкерлері және ата-аналар қатысқан. Баланың денесінен жарақат байқалмаған, оған  сараптама жүргізуге ата-анасы қарсы болған. Ал бүгін білім басқармасы балабақшаны текеруді бастаған. Басқарма дерегінше, баланы ұрып-соғу бойынша өзге ата-аналардан шағым түспеген.

ӘЙГЕРІМ ДӘУРЕХАНОВА, АТА-АНА: «Өзімізге тікелей байланысы бар мұғалімдерге ғана айта аламын. Жақсы. Ізеткүл апай, Фариза Әбдікенқызы. Қорқып қалдық. Бірақ менің бала-шағам ойын ашық айта алатын жаста. Бірақ сөйлей алмайтын балаларға кішкене алаңдаулымын».

СЕРІК МҰСАҒАЛИЕВ, АТА-АНА: «Кешегі жағдайды көріп жаға ұстадық. Өз ауданымызда болған соң жаман ойға келмейміз. Біздің балалардың тәрбиешілері өте жақсы. Бізбен жақсы қарым-қатынаста, балаларға жақсы қарайды. Ана видеодағы көрген апай бар шығар. Адам аласы ішінде дейді ғой».

Полиция  ата-аналардың шағымы негізінде тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу басталған. Сонымен бірге полиция білім басқармасына балабақша басшылығын қызметінен шеттету және тәрбиешіні жұмыстан босату туралы ұсыныс бергенін хабарлады. Ал бүгін  видеоға қатысты тәрбиешімен бірге оның көмекшісі және балабақша меңгерушісі жұмыстан босатылғаны белгілі болды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол жерде әркімнің деңгейіне байланысты. Балаға қалай қарайтыны. Ешкім тәрбиешіні қабылдағанда балаға қысым көрсетеді деп қабылдамайды. Бірақ қылмыстық іс қозғалды. Оның кінәсінің қаншалықты екенін құзырлы органдар анықтайтын болады. Сол балабақшада осындай тәртіпсіздікке жол бергені үшін балабақша меңгерушісі қызметтен босатылды».

Айта кетейік, өткен жылы қала балабақшаларында тәрбиешілер тарапынан осыған ұқсас 2 оқиға тіркелген. Оның бірінде – балаға күш қолданылған, екіншісінде бірнеше балаға бір қасықтан тамақ берілген.