Түркістан облысында «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 63 мектеп салынады

49

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы ауыл балалары әлі күнге ыңғайластырылған ескі ғимараттарда білім алып жатыр. Ал аудан орталығында оқушылар саны күннен-күнге артып келеді. Сарыағаш қаласындағы 1200 балаға арналған орта мектеп апатты деп танылып, сүрілген. Қазір ондағы оқушылар басқа мектепке қатынап оқып жүр.

Сарыағаш қаласындағы №2 мектептің оқушылары өткен оқу жылынан бері Толыбай батыр атындағы білім ұясында білім алып келеді. Яғни, 900 орындық ғимаратта екі мектептің балалары оқиды. Ал сыймағандары басқа білім ошағына ауысқан. Түрлі қолайсыздық болғанымен, шыдауға тура келеді дейді мектеп директоры. Себебі 600 орындық ғимарат үш жыл бұрын апатты деп танылған.

Мұхамеджан Қалмұратов, мектеп директоры: «Балалар сыймайтын еді. Одан кейін үш ауысымдық оқуда оқитын едік. Қасындағы дүкенді жалға алып, бастауыш сыныптың балаларын сол жерде оқыттық. Қазір оқушы саны шын мәнінде азайып кеткен бізде. Себебі тасымал болғаннан кейін, ата-аналардың көбісі көрші мектептерге оқуға берді».

Апатты мектептің орнына қазір «Жайлы мектеп» бағдарламасымен жаңасы салынып жатыр. Тамыз айында басталған нысанның құрылысы келер оқу жылында пайдалануға беріледі. Десе де барлық жағдайы жасалатын білім ұясы 600 орындық емес, 300 балаға лайықталмақ. Себебі, мектептің жер көлемі үлкен ғимарат салуға жеткіліксіз.

Ердін Есбергенов, құрылыс компаниясының учаске бастығы: «600 орындық, 900 орындық соғу үшін ол жерге 3 гектар, 3,5 гектар жер керек болады. Қаланың ортасында болғандықтан, бізге ешқандай мүмкіншілік болмай тұр. Соның өзінде әрекет жасап, мына тұрған үйлерді, одан кейін оң жақта тұрған үйлер бұзуға жіберіліп, солардың орнына 300 орындықтың көлемін әрекет қылғанбыз».

Ал Жаскешу ауылындағы мына мектеп өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. 150 балаға шақталған білім ошағында 500-ге жуық оқушы бар. Сынып бөлмелері жетіспеген соң, балаларды кітапханада, акт залында, тіпті дәлізде оқытуға мәжбүр. Дене шынықтыру сабағы тек күн жылы кезде ғана далада өтеді.

Динара Жорабай,  оқушы:  «Қосымша сабақтарға келгіміз келеді, бірақ оған кабинет жетпейді. Үйірмелерге келгіміз келеді, оған жағдай жоқ».

Дінмұхаммед Кенжебаев,  мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Оқушының көбеюіне байланысты қазіргі таңда зорға сыйып отырмыз. Арнайы үкіметтен берілген физика не химия деген сияқты жабдықталған кабинеттер жоқ».

Келер жылы бұл ауылдың оқушылары да жаңа ғимаратқа көшіріледі. Елдімекен іргесінен қазір «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 900 орындық мектептің құрылысы басталды. Айта кетейік, өңірде 2023-2025 жылдары ұлттық пилоттық жоба аясында 63 жаңа мектеп бой көтермек. Оның 29-ы келер жылы пайдалануға берілсе, қалған 34 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталады.