Ақталып шыққан экс-басшы өзін қолдағандарға алғыс білдірді

28

Бүгін Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жолаушылар көлігі басқармасының экс-басшысына қатысты сот үкімі шықты. Ол бастапқыда кәсіпкерден 13 млн теңге пара алды деп айыпталған еді. Кейіннен бұрынғы басшының айыбы ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағына өзгерді. Бүгін М.Қоқанбаевқа қатысты іс қаралып, аяқталды. Сот үкімі бойынша экс-басшы кінәсіз деп танылып, сот залынан босап шықты.

Талғат Қахаров, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «М.Қоқанбаев ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәсіз деп танылып, оның іс-әрекетінен қылмыстық құрам болмағанына байланысты ақталсын. Қоқанбаевтың ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгеннен кейін жойылсын».

Мұхтар Қоқанбаев мемлекеттік қызметке қайта оралу мәселесіне қатысты әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты. Сондай-ақ, соттың әділ шешімімен ақталып шыққан экс-шенді толқынысын жасырмай, өзін осы уақыт аралығында қолдағандарға алғысын білдірді.

Мұхтар Қоқанбаев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының экс-басшысы: «Қобалжып тұрмын деп айтайын, қобалжудамын. Әрине, алдында айтып өткенімдей, мен жақын туыстарым мен достарымнан бөлек, сырттан өзім танымайтын адамдардың қолдауын естідім, көрдім. Бәріне осы сәтті пайдаланып, алғысымды айтқым келеді. Бәрі болашақтың еншісінде, уақыт көрсетеді. Не болатыны туралы ештеңе айта алмаймын».