Аудан әкімі 20 миллионыншы болып туылған сәбилердің ата-аналарын арнайы құттықтады

52

 

 

Бүгін Қазақстанның халқының саны 20 миллионнан асып, ел азаматтары тарихи оқиғаны үлкен қуанышпен қабылдап отыр. Бұл оқиғаға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов та бейжай қарамай, «Мырзакент» аудандық ауруханасының перзентханасына арнайы барып, 20 миллионыншы болып туылған сәбилердің ата-аналарын құттықтады. 

Мақтаарал ауданында бүгін сағат 10:10 минут өткенде аудан тұрғыны Толымбекова Перизат Анарғазықызы, сағат 11:20 минут өткенде Тілеуова Сарвиноз Алхамбердіқызы және сағат 15:10 минут өткен кезде Сағындықова Бану Мұратқызы босанып, барлығы да Қазақстан Республикасының 20 миллионыншы тұрғыны болып саналатын қыз балаларды дүниеге алып келді.

«Ауданымызда жыл сайын 3 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Жалпы Республика көлемінде демографиямызды көтеруге мақтааралдық көп балалы аналар белсенді атсалысуда. Бүгін елімізде тарихи оқиға орын алып, халқымыздың саны 20 миллионнан асып жығылып отыр. Осы қуанышты өздеріңізбен бөлісейін деп арнайы келіп отырмын. Қолдарыңызға алған сәбилеріңіз еліміздің көк туын желбірететін үлкен азаматтар мен азаматшалар бола берсін!» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Қазіргі таңда ауданымызда көп балалы аналардың саны 11 мыңнан асып жығылды. Жыл басынан бері 44 ана «Алтын алқа», 156 ана «Күміс алқа» наградасын алған. Жалпы ауданымызда 704 «Алтын алқа», 1410 «Күміс алқа» иегері бар. Бұдан бөлек, 88 ана «Батыр ана» атағын алып, 136 ана «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған.

Айта кетейік, елімізде «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын 6,4 АЕК көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.