Терезені ашық қалдырған ата-аналар айыппұл арқалауы мүмкін. Бас Прокуратура балалардың өміріне жауапкершілік танытып, сақтық шараларына мұқият болуды ескертеді. Күннің ерте жылуына байланысты көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету жағдайлары жиілеп отыр. Мұндай қайғылы оқиғалардың негізгі себебі – ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда балалар аз уақытқа қараусыз қалып, соның салдарынан қауіпке ұрынады. Әсіресе, ашық терезелер мен москиттік торлар үлкен қатер төндіреді. Себебі москиттік тор баланың салмағын көтеруге арналмаған және ол қорғаныс құралы болып саналмайды дейді мамандар. Сондықтан, терезені ашық қалдырған ата-аналарға жауапкершілік қарастырылған.
САЯН ӘБДЕНОВ, БАС ПРОКУРАТУРА ӨКІЛІ: «Бас прокуратура ата-аналардың назарын қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына аударады: 1) жас балаларды қараусыз қалдырмау; 2) жиһазды терезе маңына қоймау; 3) терезелерге арнайы блокираторлар мен шектеуіштер орнату; 4) баланың терезеге өз бетінше қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген».
Жыл сайын жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, мұндай оқиғалар әлі де тіркеліп жатыр. Мемлекет тарапынан алдын алу шаралары да қарастырылған. Заңнамаға сәйкес, құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлерде терезелерді арнайы құлыптармен және қауіпсіздік механизмдерімен жабдықтауға міндетті. Ал, жалпы қала тұрғындары не дейді? Жауапкершілікке салғырт қарағандар айыппұл арқалағаны дұрыс па?
«Дұрыс қараймын. Ата-аналар қарамағаны дұрыс емес қой».
«Сыртына темір орнату керек. Талай жыл өсірген соң, қарау керек қой. Баласынан айрылып жатса, оған айыппұл салса, не болады ол? Дұрыс емес».
«Егер ата-ана қасында отырса, желдетуге болады. Балаға қарау керек қой».
«Қаншама балалар шығын болып жатыр. Сол үшін ол дұрыс».
«Ұқыптап қарап отырамыз. Келіндерге де, балаларға да айтып отырамын. Өзім жауып отырамын терезені».
Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы үш айында 8 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Баланың өмірі мен денсаулығы, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде. Сондықтан, мамандар қырағылық танытып, қайғылы жағдайлардың алдын алуға шақырады.
Нұргүл Жолымбетова






