Білім басқармасы: «Онлайн білім беру жүйесіне көшу жоспарда жоқ»

125

Шымкентте онлайн білім беру жүйесіне көшуге негіз жоқ. Бұл туралы білім басқармасының басшысы мәлім етті. Сонымен қатар қазір оқушылар арасында салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған іс-шаралар саны артып келеді. Ол үшін арнайы секциялар ашылып жатыр.

Шымкенттің бас педагогы қалада біліммен қатар, тәрбиеге баса назар аударатынын тілге тиек етті. Оның ішінде ұлттық құндылық пен құқықтық сауаттылыққа мән беру көзделген.

«Тәрбиенің маңызы — өте зор. Өздеріңіз білесіздер, Әл-Фараби атамыз айтып кеткендей, «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы». Ел Президенті тәрбиеге қатысты бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде ұрпақ тәрбиесі бар. Соған сай Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірледі. Қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді»,-дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

Брифингте дене шынықтыру бағыты да назардан тыс қалмады. Қазір оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 10 спорт түрінен жарыстар өткізіліп жатыр. Ал Шымкентте дәстүрге айналған «Жастар лигасы» биыл жалғасын таба ма, жоқ па әзірге белгісіз.

«Жаңа оқу жылынан бастап 10 спорт түрінен 44 сайыс өтті. Қазір 11 мыңнан аса оқушы спортпен айналысып жатыр. Оқушылардың 40 пайызы түрлі секцияларға қатысып отыр. Шымкент «Жастар лигасы» туралы қолымда ақпарат жоқ. Сіздерге алдағы уақытта қосымша ақпарат береміз»,-дейді Нұргүл Шәмшиева.

Жиын барысында білім басқармасының басшысы қызылшаға байланысты онлайн білім жүйесіне көшуге әзірге негіз жоқ екенін алға тартты. Ал білім ұйымдарының техникалық базасы сырттай оқуға сақадай сай екенін жеткізді.