Бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим келісімі күшіне енді. Биыл 17 мамырда Сиань қаласында екі ел арасында визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойылған болатын.
Құжатқа сай екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Азаматтарда шекара асып, сол елде 30 күннен артық қалуға қажеттілік туындаған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеуге тиіс. Бұл режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.
Арман Байғанов, экономист: «Аталған визасыз режимді енгізудің Қазақстан мен Қытайдың туризм, сауда саттық саласында дамуына көп артықшылық әкеледі. Мәселен Қытай Қазақстанмен сауда саттық айналымы бойынша Ресейден кейін 2 орында тұр. Көптеген тауарлардың Қытайдан әкелінетінін ескерсек, бұл жергілікті халыққа да тиімді болмақ. Қазақстан үшін Қытай ең ұзын шекаралас Ресейден кейінгі көршілес мемлекет. Бұл режимнің сонымен қатар туристердің елге көптеп келуіне жол ашады. Бұдан бөлек екі ел арасындағы инвестициялық шараларды өркендетуге мүмкіндік береді».