Сайрам ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды

62

Түркістан облысы Сайрам ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ақсукентте орналасқан бұл нысанның салтанатты ашылу шарасына ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Дархан Сатыбалды қатысты.

Аталған орталық мүгедектігі бар зейнеткерлік жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартады. Сонымен қатар адамдарды және зейнеткерлік жастағы азаматтарды медициналық емес сипаттағы сауықтыру іс-шараларымен қамтамасыз етпек. Мамандардың айтуынша, бұл орталықтың мүгедектігі бар адамдардың және зейнеткерлік жастағы адамдарды физикалық және психикалық қолдауда маңызы айрықша.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дархан Сатыбалды Манкент ауылдық округіндегі жаңадан ашылған «Өзге» спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Аталған нысанның құны 770 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекеттен 170,0 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.

Бұдан өзге Түркістан облысының әкімі Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында Низамабад елді мекеніндегі «Ecoinvest S.A» ЖШС жылыжайына барды. Жобаның құны 7,5 миллиард теңгені құрайды. Жылыжай жылына 6000 тонна қызанақ, ал 2 кезең іске асқанда 12 000 тонна өнім береді.

Айта кету керек, жылыжай шетелдік инвестиция көздері арқылы жүзеге асырылған. Екінші кезең іске қосылғанда 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінде кәсіпорында 170 қызметкер жұмыс істейді. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды, осындай жобаларды көбейтуді тапсырды.

Іссапар барысында облыс әкіміне мемлекеттік гранттар арқылы кәсібін бастаған тұрғындардың өнімдері таныстырылды. Ауданда шағын кәсіпті дамыту жұмысы жалғасады.