Шымкентте дүкеннен қымбат виски ұрлаған жас жігіт видеоға түсіп қалды

437

Шымкентте жас жігіт дүкеннен қымбат вискиді қолды еткен. Оның бұл қылмысы ондағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Полицияға азық-түлік дүкендердің бірінде орын алған ұрлық оқиғасы туралы хабарлама келіп түскен. Сатушының айтуынша, белгісіз біреу сауда сөрелерінен қымбат алкогольдік сусынды ұрлаған.

Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша тіркелді.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, ұрлық сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны анықталған. Ер адам дүкенге емін-еркін кіріп, бір бөтелке вискиді алған. Содан оны шалбарының ішіне салып, жайбарақат шығып кеткен.

«Жедел уәкілдер тегін ішімдікке әуес азаматты ұстады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған 31 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазір бұл жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» деп хабарлады полициядан.