Шымкентте ескіні еске салатын көрме өтті

Үшінші мегаполисте белгілі қылқалам шебері, Шымкент қаласының тумасы Асқар Есдәулет араға12 жыл салып көрме өткізді. Автордың көне туындылары мен мүсіннен жасалған қолөнер бұйымдары қойылған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады. 

«90-жылдардың жаңғырығы». Шымкентте осындай атаумен ескіні еске салатын, картиналары көздің жауын алатын көрме өтті. Бұл – қылқалам шебері Асқар Есдәулеттің қаламызда ұйымдастырылған алғашқы көрмесі.

Асқар Есдәулет, суретші, көрме авторы:

«Бұлар кезінде орысша айтқанда «шокировать» еткен туындылар. Ол кезде «реализм, соцреализм» деген ұғымдар болатын. Мұндай жұмыстарды қудалайтын. Міне, сол кезде салған суреттерім. Бұл өмірге қаншалықты сәйкес келеді, бір жағынан соны көріп жатырмын. Екіншіден, Шымкентте оқыдым, осында тұрамын. Сол себепті де Шымкентте қойғым келді. Бұл менің – Шымкенттегі бірінші көрмем.»

Асқар Есдәулет – тек суретші емес. Ол архитектура және мүсін өнерінде біршама жетістікке жеткен. Автор бұл жолы көрмесінде 10 мүсін және 90-ға жуық картинаны көрермен назарына ұсынған.

Көрмені тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Солардың бірі – Абдуахат Мұратбай. Оның сөзінше, мұнда қойылған туындылар ешқашан ескірмейді. Оның айтуынша, тарихтан сыр шертетін туындыларды әлемге танытса да артықтық етпейді.

«Туынды ешқашан ескірмейді, шаң да баспайды. Өйткені өзінің көрермені бар. Жұмыстары өте жарық және жақсы техникалармен орындалған. Асқардың тек кескіндеме саласында ғана емес, мүсін саласында да туындылары жоғары деңгейде. Асқарды мақтап жеткізе алмаймыз», – дейді көрме қонағы әрі суретші Абдуахат Мұратбай.

Көрмеге 1989-2000 жылдар аралығындағы картиналар қойылған. Асқар Есдәулет қазір абстарктілі сурет салумен айналысып жүр. Ол алдағы уақытта тағы көрме ұйымдастыруды жоспарлауда екен.