Шымкентте заңсыз айналымнан 137 келі есірткі тәркіленді

95

Шымкентте есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері есірткімен байланысты 506 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 137 келі есірткі заттары, оның ішінде 15 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл туралы қалалық ПД бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев мәлімдеді.

Ведомство бастығы орынбасарының айтуынша, есірткі сатумен байланысты қылмыстардың тең жартысы интернет арқылы жасалады және онымен айналысатындардың 80 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтар екен. Осыған байланысты полиция полковнигі  жастарды интернет желісіндегі жоғары жалақы мен 3-4 сағаттық жұмыс ұсынатын жарнамаларға алданып қалмауға шақырды. Мұндай ұсыныстардың артында есірткі жеткізуші (курьер), есірткі қойып кетуші (закладчик) және есірткі өткізуші сияқты аса ауыр қылмысқа итермелейтін қызметтер тұр.

Полиция хабарлауынша, қылмыстың бұл түрін жасағаны үшін заңда 10-12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал  оқу орындарында есірткі сатып ұсталған жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өз кезегінде Арман Бейсенбаев жеңіл жолмен келген ақша темір тордың ар жағынан бір-ақ шығаратынын қатаң ескертті.