Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы сот процесі аяқталды. Қаланың бұрынғы прокуроры Мақсат Қожабаевқа үкім шықты.
Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды. Айыпталушылар қатарында кәсіпкер де бар. Закир Гуламов шенеунікке пара беруге азғырғаны үшін және аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін айыпталған. Сот үкімімен М.Қожабаев 5 жыл 6 айға, З.Гуламов 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды.
“М. Қожабаев 5 жыл 6 ай мерзімге, 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айрылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда, лауазымдарда қызмет ету құқығынан айрылсын”, деді үкімде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Самиддин Теміралиев.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу аясында жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен құқық қорғау органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болған М.Қожабаевты ұстаған еді.