Мақтааралда ұялы телефонын жоғалтып алған тұрғын сан соғып қалды. Белгілі болғандай, бұрынғы әріптесі оның атынан оп-оңай несие рәсімдеп алған.
Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызбен жүгінген. Айтуынша, белгісіз біреу оның жоғалтып алған ұялы телефонын пайдалану арқылы мобильді қосымшасынан несие рәсімдеп алған. Атына несие рәсімделгені туралы өзіне банктен телефон арқылы хабарласып, төлем жасау туралы айтқан кезде бір-ақ білген. Жәбірленушіге 500 мың теңге шығын келген.
Полиция қызметкерлері аталған фактіні ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Жедел -іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтығы үшін күдікті ретінде жергілікті жас жігіт анықталды. Ол жәбірленушінің 24 жастағы бұрынғы әріптесі болып шықты.
«Белгілі болғандай, жәбірленуші жоғалтып алған ұялы телефонды күдікті жас жігіт тауып алған. Содан соң құпия сөзін білетінін пайдалана отырып, ол банк қосымшасынан заңсыз несие рәсімдеген. Күдікті несие алған ақшасын бас пайдасына жаратып үлгерген» делінген полиция мәліметінде.
Қазіргі таңда күдікті жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.