Әліппемен қоштасу күні ота жасатқан оқушысын ауруханаға іздеп барған сынып жетекшінің әрекеті көптің жүрегін елжіретті.
https://youtube.com/shorts/zenyyzNBxfs?
Бұл сәттің видеосын Сандуғаш Сұлтан есімді ТікТок қолданушысы парақшасында жариялаған. Автордың мәліметінше, 1-сынып оқушысын әліппемен қоштасу шарасы өтетін күні көлік қағып кеткен екен. Содан дереу ауруханаға жеткізілген баланың аяғына дәрігерлер шұғыл ота жасаған.
Бейнежазбадан оқушы ұстазына жаттаған тақпағын айтып бергенін, ал шәкіртіне мейірімін төккен мұғалім баланы марапаттағанын көруге болады. Сонымен қатар педагог «Біз сені жақсы көреміз, сауығып кет» деп тілегін жеткізеді.
Видеоны көрген көптеген желі қолданушылары мұғалімнің бұл әрекетіне таң қалысып, алғыстарын жаудырды.
«Ұстаз екінші ана деген рас», «Осындай ұстаздарымыз көп болсын», «Керемет», «Міне, нағыз ұстаз. Мәртебеңіз өсе берсін. Керемет мотивация», «Ұстаз мәңгі құрметке лайық жан», «Мұғалімнің қамқор екенін тек мұғалімдер біледі», «Тамаша, сіз секілді ұстаздар көп болсын. Балақайға Алла шипасын берсін», «Апайына Алла разы болсын», «Алла шипасын берсін. Қуанышты күндеріңіз көп болсын» деп жазды желідегілер.
Автордың мәліметінше, видеодағы педагог Алматы қаласындағы №174 мектеп-гимназияның 1 «Д» сынып жетекшісі екен.