Шымкентте құны 1 млрд. теңгеден асатын жер мемлекет меншігіне қайтарылды

51

Шымкентте кадастрлық құны 1 млрд. теңгеден асатын 116 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жауапты басқарма 17 жер қойнауын пайдаланушы компанияның келісімшарт талаптарын орындамағанын айтты. Олар салық төлемей, қиыршық тас, құм және саз өндіруді белгіленген мөлшерден асырып жіберген.

Ал кейбір компаниялар жер қойнауын заңсыз пайдаланған. Бүгінде барлық кінәлілер анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қадағалау органы 7 компаниямен келісімшарт бұзылып, сол арқылы кадастрлық құны 1 миллиард теңгеден асатын жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. Қалған 10 компания тексеруден өткеннен кейін келісімшарт талаптарын орындауға міндеттелді. Олар барлық көрсетілген шартты сақтай отырып қана жұмысын жалғастырады.

«Талдау барысында жер қойнауын пайдаланушылар өздеріне алған міндеттерді орындамаған. Атап айтқанда, өңірдің әлеуметтік дамуына қаржы бөлмеу, салық төлемдері, Қазақстандық мамандарды оқыту бойынша. Сондай ақ, келісімшарт талабы бойынша бір жылда белгіленген нормадан аспайтын жер қойнауын өндіруі тиіс. Алайда, жер қойнауын пайдаланушылар бұл талаптарды толық орындамаған.Тексеру нәтижесімен жердің бәрі қайтарылды»,-дейді Шымкент қаласы прокуратурасының үшінші бөлім прокуроры Нұрсұлтан Ахметов.

Айта кетейік, тәркіленген жерлер мемлекет мұқтаждығына беріледі. Қазіргі уақытта бұл аймақтарда қиыршық тас пен сазды өндіруге тыйым салынды.