Шымкентте тергеу изоляторында қамауда болған жігіт жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ол бірнеше жыл бұрын қант диабетіне шалдыққан екен. Туыстары тергеу мекемесінде күдіктіге өздері жеткізген инсулин берілмегеніне наразы.
Марқұмның анасы баласын қамауда ұрып-соқты деп топшылайды. Дегенмен құзырлы орган өкілдері мұны жоққа шығарып отыр.
«Жаныма бататыны 4 айлық баласын көре алмай кетті. Балаларын құшағына ала да алмады. Балам құр босқа солардың азабынан құрбан боп кетті»,-дейді марқұмның анасы.
Марқұм жігіт биыл сәуір айында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға қатысты деген күдікпен қамауға алынған екен. Анасы қамауда жатқанда баласына бірнеше күн қатарынан қажетті инсулин берілмегенін айтады. Қайғыдан қан жұтып отырған ана ондағылар тіпті жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәріні салмақ та болды деп отыр. Салдарынан ер адамның жағдайы күрт нашарлаған көрінеді. Сонымен қатар қара жамылған әйел ұлын қамауды ұрып-соққан болуы мүмкін деп топшылайды.
«Баламның соңғы сөзі: «Ананың дұғасы Пайғамбардың дұғасындай болады» дейді ғой. Маған дұға істеңізші» деді де балам кете берді. Мен қайтыс болардан бір күн бұрын жансақтау бөліміне кіргенімде баламның аяқ жағын жауып қойған еді. Мені балама қатты жақындатпады. Әпкем кірген кезде «аяғы көгеріпті ғой» деп шықты. Сонда ғана білдік ұрып-соққанын. Оның аяғынан тұра алмай тұрғаны, бүйрегінің істен шыққан да сол соққыдан екен. Үйге келген соң көрдім ғой. Баламның сондай қатты соққыдан қайтыс болғанын…»,-дейді марқұмның анасы Гүлшат Байназарова.
Марқұмның артында 3 перзенті қалды. Ол кіші сәбиін көріп те үлгермеген. Бауыр еті баласының жағдайына алаңдаған қала тұрғыны ұлын бірнеше рет үйқамаққа жіберуді құзырлы орган өкілдерінен сұраған. Алайда оның өтініші қанағаттандырылмапты.
«Мен үшін бірінші мақсат баламның денсаулығы болды. Сондықтан Полиция департаментіне де, прокуратураға да бардым. Бірақ бәрі де қайтарып жіберді. «Біз бар жағдайын жасап отырмыз» деп айтты. Қанша рет үйқамаққа шығаруға жазсам да сүйтіп айтып, рұқсат бермеді»,-дейді қара жамылған ана.
Қаза тапқан жігіттің қорғаушысы марқұмның ойын бизнесімен айналысатын мекемені күзетпен қамтамасыз еткенін айтады. Ол заңды негізде тіркелген. Алайда құзырлы орган өкілдері айтулы нысанды ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп танып, басшысын қамауға алған көрінеді.
«Менің қорғалушым 1-дәрежелі қант диабетімен ауырады. Ата-анасы артынан қажетті дәрілерді жеткізіп тұрған. Бірақ мамыр айынан кейін ол медициналық тексеруден өтпеген. Қорғалушымнан қалай емделіп жатсың деп сұрағанда, ол суға дұға оқып, соны ішіп жатырмын деген еді. Бұл 21 ғасырда, сұмдық қой. Ол ауырып, ауруханаға түскенде өз аяғымен жүріп бара алмаған. Кейін туыстары ұрып-соғу белгілері бар деп айтып жатыр. Себебі тырнағының астының бәрі ісіп кеткен, аяғы көгерген. Бұл жайдан-жай болмайды. Сондықтан біз бұл байынша да арыз жазып, қосымша іс қозғауын талап етеміз»,-дейді қорғаушы Марат Байзақов.
Сезікті Қылмыстық кодекстің 4 түрлі бабы байынша күдікке ілінген. 7 айдан бері тергеу изоляторында жатқан азамат 14 қараша күні қатты ауырып, «Т. Орманов атындағы медициналық мекемеге» жеткізілген. Беті бері қарамаған ол 22 қараша күні қайтыс болды. Жауапты мамандар қазір тергеу жүргізіліп жатқанын айтады.
«№69 тергеу изоляторында отырған азамат «Орынбаев» атындағы медициналық мекемеде қайтыс болған. Бұл іске байланысты Шымкент қаласының ПД Әл-Фараби ауданына қарасты бөлімінде кісі өлімі дерегімен сотқа дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр. Қазір сараптама тағайындалған. Сараптаманың шешіміне қарай процессуалдық шешім қабылданатын болады. Қайтыс болған кезде мамандар шақырып, денесінің бәрі тексерілген. Ал қызметкерлер тарапынан да құқықбұзушылақ болмаған. Бәрі сараптамадан соң белгілі болады»,-дейді Шымкент қаласы және Түркістан облыстық ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Ермек Жалғасбаев.
Қазір сараптама жүргізіліп жатыр. Ал қайтыс болған күдіктінің туыстары нақты шешімнің шыққанын күтуде. Анасы егер сарапатама нәтижесінде қандай да бұрмалау болса, ұлымды мазарынан қазып алып, қайта тексертемін деп отыр.