Қатты жел салдарынан жарықтың өшіп қалуы жиілеген

19

Облыс басшысы жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына барды. Жергілікті тұрғындармен кездескен Дархан Сатыбалды олардың мәселелеріне құлақ түріп, сұрақтарына жауап берді. Ал жиында көтерілген ең маңызды проблемалардың бірі – жарықтың жайы болды.

«Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – жарық мәселесі. Біз таулы аймақта тұрамыз. Ауданымызда қарабас деген жел бар. Бұл енді кейде шақпақ желінен басым болып кетеді. Соңғы 2 жылда бұл үдеп кетті. Болашақта салынатын подстанция Отырарда салынбақшы. Ол 2026 жылға қойылып отыр. Соны 2024-ке жылжытса деп отырмыз» ,- дейді Бәйдібек ауданының тұрғыны Қалдыбек Құрманәлі. 

Ашық есік күні аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданының тұрғындарымен бірыңғай қабылдау өткізді. Жиынға қатысушылар аймақтағы электр жүйелерінің мәселесін көтерді. Сөзінше, ауданда қатты желдің салдарынан жарықтың сөніп қалуы жиілеген. Ал, өңір басшысы бұл проблемадан хабардар екенін айтып, оны шешу жолдарын түсіндірді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Оңтүстік жарықтың» өкілі де отыр. Ол кісіден сұрадық, 2026-дан 2024-ке ауыстыра алмаймын дейді. Бірақ қорғау бойынша 2-ші линия тартамын дейді. Мынау өшкен кезде, ұзаққа созбай екіншісі қосылып кететіндей жасаймын дейді. Бірақ ол да 2025 жылға жоспарланып отыр»

Сонымен қатар, облыс әкімі сала мамандарымен актив отырысын да өткізді. Бәйдібек ауданына инвестиция тарту жұмысын жандандыру қажет деді өңір басшысы. Өндірісті дамыту мен өзіндік табысты көбейту бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар да берілді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Қазір мына түсіп жатқан кірісті талдап қарасаңыз, 60%-ы мемлекеттік мекемеден түседі. Қалған 40% ғана шаруа қожалықтарынан түседі. Жұмыс орнын ашу бойынша жоспар керек. Келешекте бұл балансты өзгерту керек. 60% жекеменшіктен, 40% мемлекеттік мекемелерден кіріс түсу керек»

Жиында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай ақ, жиында өңірдің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер ашық айтылып, кемшіліктерді жою жолдары ұсынылды.

Ерлан Нұрмаханов, Бәйдібек ауданының әкімі: «Кәсіпкерлік саласында өнеркәсіп көлемі 2023 жылы 1 млрд-тан асқан. Бірақ оның нақты 49,1% ғана мүмкіншілік орындалған»

Айта кетейік, облыс әкімі тұрғындардың өтініші назарға алынатынын айтып, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.