«Қазына» би ансамблінің мерейтойлық сән кеші өтті

Шымкентте атақты “Қазына” би ансамблінің 35 жылдығына орай “Fashion show by Qazyna” кеші өтті. Мерекелік іс-шарада би ансамблінің тарихындағы сахналық костюмдерден қойылымға үйлестірілген дефиле ұсынылды. Шарада ұжым 2001 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі киген костюмдерін ел назарына ұсынып, ерекше қойылымдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Әуезді ән, мың бұралған би, кең дастархан, жарқыраған киімдер мен көңілд қонақтар! Бұл – шымкенттік «Қазына» би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған сән кеші! “Fashion show by Qazyna” іс-шарасында өнер ұжымы қазіргі уақытқа дейінгі аралықта сахнаға киген костюмдерін ел назарына ұсынды.

35 жылдық тарих! Шымкентті, қазақтың би өнерін әлемге танытқан «Қазына» би ансамблінің құрылғанына – 35 жыл! «Би ансамблі костюмдерсіз өнер көрсете алмайды». Осылай деген ұжымның көркемдік жетекшісі әрі бас балетмейстері Зәуре Әжібекова би қойылымында костюмдердің айырықша рөл ойнайтынын атап өтті.

«Біз костюмсіз ешқандай қойылымды шығара алмаймыз. Осындай уақыт ішінде бізде көптеген костюмдер болды. Осы шоу арқылы өзіміз бірге жұмыс істейтін шымкенттік дизайнерлерді танытқымыз келді. Олардың жұмысын халыққа ашық көрсеткіміз, айтқымыз келді. Біз бірге жұмыс істейтін дизайнерлерді мақтан тұтамыз және олардың жұмысын халық таныса екен деген ниеттеміз», – дейді «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Зәуре Әжібекова.

Fashion шоуда би ансамблінің тарихындағы сахналық костюмдерден қойылымға үйлестірілген дефиле ұсынылды. Бишілер 2001 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі киген костюмдермен би билеп, сән үлгісін көрсетті. Дизайнер Жанар Жұмақұлова «Қазына» би ұжымымен жұмыс істеу оңай емес екенін, дегенмен шығармашылық жандардың арқасында түрлі жаңа идеялар туындайтынын айтты.

«Костюмді тек қана өзіміз жасамаймыз, оны хореографпен, бишілермен, ақылдаса отырып, музыка мамандарымен бірге бәріміз бірге толғатып, бірге шығаратын туынды болғандықтан ұзақ уақыт алады. Костюмді тіккенде ең алдымен, хореографтың талаптарына мән береміз, түсін формасын таңдағанда да бишіге ыңғайлы, қимыл-қозғалысына кедергі жасамау керек», – дейді киім дизайнері Жанар Жұмақұлова.

Жазира Кизбаева мерекелік кешке өзінің бірегей киім үлгілерін алып келіп, ел назарына ұсынды. Ол бір қойылымның костюмдерін дайындап шығу ұзақ әрі күрделі дегенмен, өте жағымды процесс екенін айтады.

«Бұл Түрікменнің ұлттық костюмі, бірақ біз бұны биге арнап өзгерттік. Биге ыңғайлы етіп тіккенбіз. Бірінші бидің музыкасын талқылаймыз. Одан кейін биді бір көріп аламыз, соған байланысты эскиз сызылады. Содан кейін түстерін, қалған нюанстарын бірге шешеміз», – деді киім дизайнері Жазира Кизбаева.

Айта кетейік, “Қазына” би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толуын атап өту аясында, алдағы уақытта ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.