Күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін, заңды мүдделерін қорғауға бағытталған заң жобаларын» қараған болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желіде жазба жариялады.
«Қадірлі достар!
Бүгін жалпы отырыста қоғамда аса маңызды әрі көптен күткен заң жобаларын – әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін, заңды мүдделерін қорғауға бағытталған заң жобаларын мақұлдадық.
Құжатты депутаттар қоғам белсенділерімен бірлесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірледі. Ұсынылған түзетулер балалар бен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын күшейтеді.
Бірінші оқылымда заң жобасы қоғамның осы бағыттағы ең өзекті қажеттіліктерін қамтыды. Ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақаты үшін қылмыстық жауапкершілік қалпына келтіріледі. Кәмелетке толмаған немесе дәрменсіз күйдегі адамды азаптағаны үшін жаза күшейтілетін болады. Енді мұндай қиянат жасаған қылмыскер жазадан құтыла алмайды.
Ең маңызды түзетулердің бірі — кәмелетке толмаған баланы өлтіру немесе педофилия қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру.
Заң жобаларын әзірлеу кезінде депутаттар әлеуметтік желілер арқылы жасалатын жаңа қауіптерді де ескерді. «Синий кит» ойынына байланысты қоғамды дүр сілкіндірген дүрбелең бәріміздің есімізде. Жаңа нормаларда мұндай «челлендждерді» ұйымдастырғандарға кәмелетке толмағандарды суицидке итермелеу бабы бойынша қылмыстық жаза қарастырылған. Бұл үшін тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ суицидті насихаттағаны үшін — қылмыстық, кәмелетке толмаған адамды қорқыту және киберқорлау үшін — әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Отбасы институтын нығайтуға бағытталған арнайы нормалар да бар. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға көмек көрсету шаралары әзірленді.
Жаңа нормалар интернатта тұратын балалардың құқығын қорғауға да бағытталған. Түзетулер мақұлданса, барлық түрдегі және нысандағы балаларға арналған мектеп-интернаттардағы мемлекеттік бақылау алдын ала ескертусіз жүргізілетін болады.
16 жасқа толмаған балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.
Бұлардың көбі көршілес елдерде бұрын-соңды болмаған шаралар. Заң жобаларын талқылау жұмыс тобында жалғасатын болады».