(Коллаж: Otyrar.kz)
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Сайрамда ер кісінің балабақша жасындағы бүлдіршінге қорлық көрсетіп, тепкінің астына алған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның мәліметінше, бала жүйелі түрде соққыға жығылып келген. Қазіргі таңда бүлдіршін ауруханада жатыр.
Балалар омбудсмені әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты ақпарат келіп түсе сала Түркістан облысының прокуратурасымен және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілімен байланысқа шыққан.
«Қылмыстық іс қозғалды. Баланың өгей әкесі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бүлдіршін ауруханада жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша бала үй жағдайында күйіп қалған. Онымен психологтар жұмыс жүргізуде. Бала жүйелі түрде соққыға жығылып келген. Барлық мән-жағдай тергеу кезінде анықталатын болады» деп жазды желі парақшасында Динара Закиева.
Еске салсақ, бұған дейін «Не молчи» қорының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі ер кісі бүлдіршінге ұрысып, тепкінің астына алған сәттің видеосын жариялап, құзырлы органдардан шұғыл шара көруін сұраған болатын.
Түркістан облыстық Полиция департаменті жасөспірім балаларға қатысты жасалған құқыққа қарсы әрекет бойынша Сайрам ауданында қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ер адам дереу ұсталып, қамауға алынған. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде және тиісті сараптамалар тағайындалған. Істің тергелу барысын облыстың бас полицейі жеке бақылауына алған.