Бердібек Сапарбаевтың Қазақстан үшін еңбегі тау көтерген Толағайдай еді

111
Бердібек Сапарбаев

Мемлекет қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаев арамызда болғанда, биыл  ақпанның 9 жұлдызында 71 жасқа толатын еді. Еліміздің көркеюіне сүбелі үлес қосқан перзентін халық ұмытпады, ұмытпайды да. Өйткені, ол кісінің шапағатын көргендер  ұлы тұлғаның өмірлік жолы, жақсы қасиеттері, еңбекқорлығы, кішіпейілділігі жайлы  естеліктерімен бөлісуде. Бұл жолы назарларыңызға Созақ ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Созақбай Әбдіқұловтың естелігін ұсынып отырмыз.

 

Созақбай аға марқұм Бердібек Машбекұлын «Толағай» тұрпатты тұлға еді деп еске алды: «Менің өмірімде өте жақсы ұстаздарым болды. Алғаш мемлекеттік қызметке араласқанымда жақынындай жанына тартып, ағалық ақ пейілмен жол нұсқаған Әділ Сасбұқаев ағам еді.

Бекең, Бердібек Сапарбаев, Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалғанда мен Созақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде жұмыс істеп жатқанмын.
Өте қиын уақыт еді. Жарық пен көгілдір отын ту талақай бөліске түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткен шақ. Шымкент сияқты шаһардың өзі көз байланғанда қараңғы түнектің құшағында талмаусырап тұрады. Оңтүстіктің маңдайалды зауыт-фабрикалары банкрот болып, алды талан-таражға түсіп кеткен. Бұл жағдай Оңтүстіктің ғана басында емес, Қазақстанның қалпы осындай еді. Оңтайсыз жекешелендіру елімізді сансыратып кеткен.

Созақ ауданының әкімі, кейіннен мемлекет және қоғам қайраткері дәргейіне көтерілген іскер басшы Қуаныш Айтаханов Сайрам ауданына әкім болып тағайындалды.
Бекең жұмыс бабымен Созақ ауданына келгенде облыс зиялыларымен жүздесті. Сонда Социалистік Еңбек Ері Көштен Бөрғазиев ақсақал сөз сұрап, халықтың базынасын айтты.

«Бердібек айналайын, мына шерлі Созақтан басқасын айтпағанда 70 жылдан бері ауданды басқаратын бір перзенті болған жоқ. Талантты, талапты, іскер азаматтарымыз жоқ емес. Бірақ, баяғы Созақ көтерілісінің лаңымен өмір сүріп келеміз. Сырттан басшы тағайындайды. Апыр-ау, Кеңес үкіметі құлап, қабырғасы қаусап қалған жоқ па?! Егемен ел болдық, енді кімнен қорқамыз. Елдің өтінішін жерге тастамай аудан басшылығына Созақтың азаматын тағайындасаңыз әділдік болар еді», — деді ақсақал.

Бір күні Бердібек Сапарбаев шақырды.

«Созақбай, менің алдымда өзіңді қосқанда Созақ ауданының әкімі болуға үш кандидатура тұр. Облыстағы беделді азаматтармен кеңестім. Сен туралы жақсы пікір айтып отыр. Өзім де сыртыңнан жақсы білемін. Аудан әкімі боласың. Тілегімді айтайын. Ешқашан дүниеге қызықпа, халыққа қалтқысыз қызмет ет. Абыройлы бол. Сол кезде бәрі келеді»,-деді.

Бұл 1999 жылдың 20 тамызы болатын. Өзім де табиғатымнан құнамақор адам емеспін. Туған жерімді көркейтуге, экономикасын көтеруге бар күш-жігерімді салдым. Ол кезде Созақ ауданы Оңтүстікте ғана емес Қазақстан бойынша экономикасы өте әлсіз, ешқандай өндіріс орындары жоқ аграрлы аудан ғана еді. Облыс әкіміне ұсыныстарыммен шықтым. Созақтың асты да, үсті де қазынаға, шикізатқа бай. Канада, Франция сияқты алпауыт мемлекеттердің инвесторлары уранымызды игеріп жатыр. Бірақ, аудан бюджетіне соқыр тиын түспейді.

Бекең «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевпен кездестірді. Үшеуара әңгімеде жақсы уағдаластыққа қол жеткіздік. Уран өндірісінін ірі компаниялары Созақ ауданына тіркелді де бюджетке миллиардтаған қаржы түсе бастады.

Мектептер салынды. Ауруханалар салынды. Оңтүстіктің өзінде жоқ сәулетті балабақшалар бой көтере бастады. Қазақтың көрнекті жазушысы Асқар Сүлейменов атындағы мектеп 1948 жылы салынған, әбден тозған білім ошағы еді.

Асекеңнің достары Созаққа келгенде реніш білдірді. Мұхтар Жәкішов өте іскер, ұлтқа болсын дейтін азамат. «КАТКО» АҚ-пен келістіріп берді. Шетелдік инвесторлар керемет мектеп салды. Оқу бағдарламасына да көмектесті. Бұрын «Созақ — тозақ» деген атаумен белгілі болған өңірдің талантты ұл-қыздары шетелге барып оқи бастады. Алды айтулы маман болып оралып, Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр.
Міне, осының бәрі Бекеңдей, Бердібек Сапарбаевтай мемлекетшіл тұлғаның арқасында мүмкін болды. Бір  Созақ сияқты шағын аудандағы ғана жағдай.

Ал, Оңтүстік бойынша керемет жобалар іске асып жатты. 2000 жылдар Қазақстан экономикасының өте әлсіз кезеңі болатын. Әлеуметтік нысандарды салуға қаржы жоқ. Бекеңнің бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясы қолға алынды. Облыс бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Созақта Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі салынған, М.Әуезов атындағы орта мектеп бар еді. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Созақтың тумасы, үлкен меценат, бүгінде марқұм Қайрат Беркімбаев 150 миллион теңгеге жаңа мектеп салып берді. Облыс әкімі ауданнан тысқары жатқан Шу, Жуантөбе ауылдарына барып, кәсіпкерлердің көмегімен ауыз су мәселерін шешіп берді.

Аудандағы игі істерге Бағдат Әмреев сияқты мықты азаматтар үлес қосты.
Сол кезде Төле би ауданындағы «Тағайна» мектебінің ұжымы асар әдісімен қосымша ғимарат көтерді. Бәкең осы әдісті облыс бойынша бастама ретінде көтеріп, аудан әкімдері арзан құрылыс материалдарымен мектепке жапсарлас нысандарын тұрғызып алды. Жұмыс күші тегін, кірпіш орнына саз балшықтан пақса. Заман түзеліп, жаңа мектептер салынғанға дейін осы қосымша ғимараттар кәдеге асты.

Сапарбаевтың тұсында «Түркістанның 1500 жылдығы» мемлекет бойынша тойланды. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізілді. Бүкіл Халықтық мереке өз деңгейінде өтті. Қазір қаржы көп, ал ол кез үшін әр теңге, тиын маңызды еді. Бердібек Сапарбаевтың аз шығынымен үлкен мақсаттарға жететін іскерлігі облыс бойынша жақсы нәтиже беріп жатты.

Бекең-өте қарапайым азамат-тын. Сыбайлас жемқорлық деген жегі құрт қанында жоқ. Ел ішіндегі іскер азаматтарды іс басына қойды. Өзі тынымсыз еңбектенген соң аудан, қала әкімдері де барын салып халыққа қызмет етті.

Бердібек Сапарбаевтай мемлекетшіл тұлғаның сол кезде аяғынан енді-енді қаз тұра бастаған Қазақстан үшін еңбегі тау көтерген Толағайдай еді.