Асқар Мамин мен екі министр оқшауланды

257

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан коронавирус дерті анықталғаннан соң, Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Білім Министрі Асхат Аймағамбетов оқшауланып, қашықтан жұмыс істейтін болды.

Алайда үшеуінен де коронавирусқа тапсырған тест нәтижесі теріс шықты.

Еске салайық, Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырғаны туралы кеше белгілі болды. Ал 12-маусымда Премьер-министр Жамбыл облысына іс-сапармен барды. Бұл делегация құрамында Денсаулық сақтау министрі де болды. Елжан Біртанов іс-сапар кезінде респираторлы маскамен жүрген.

Айта кетерлігі, еліміздің бас дәрігері өткен аптада ресми сапармен Шымкент қаласында да болып, жұқпалы аурулар госпиталінің ашылуына қатысты. Әзірге мегаполис басшысының тест нәтижесі және оқшаулану жағдайы туралы әкімдіктің баспасөз қызметі ресми ақпарат таратқан жоқ.

Мөлдір Бекеева