Шымкенттегі қыз алып қашу ісін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз бақылауына алды

487

Шымкентте бойжеткенді мәжбүрлеп алып қашу фактісін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев өз бақылауына алды.

Омбудсменнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, тергеу амалдары жүргізілуде.

Адам ұрлау дерегіне қолданыстағы қылмыстық заңнаманың нормаларына сәйкес, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық көзделген.

Қызды ұрлау ісі бойынша жұмысқа Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі де қосылды.

«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдер құқығының бұзылуы мәселесіне талдау жасауда. Мәжбүрлеп некеге тұрған қыздар көбінесе серіктестерінің жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Кейде мәжбүрлі күйеуге беру қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады. Бұл олардың онсыз да осал жағдайын одан әрі нашарлатады. Шымкенттегі іс — өрескел құқықбұзушылық, біз оны бақылауға алдық», — деді омбудсмен Артур Ластаев.

Еске салсақ, Маңғыстау облысының 22 жастағы тұрғыны Шымкентке ғаламтор арқылы танысқан қызға үйлену мақсатында келіп, бойжеткенді мәжбүрлеп алып қашқан болатын. Бұл сәт көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оқиға таңғы уақытта болған. Жас жігіт бойжеткен дипломалды практикадан өтіп жүрген медицина мекемесіне барып, ондағыларға өзін курьер ретінде таныстырған. Содан студент қыздан сыртқа шығуын сұрап, оны көлікке отырғызып әкеткен.

Маңғыстаулық тұрғын жарты тәулік ішінде Алматы-Самара тас жолында Жалағаш ауылының маңында ұсталды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі 1-тармағы негізінде (Адам ұрлау) іс қозғалды.

(Фото: Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі)