Алаяқтықпен тапқан ақшасын бәске тігіп жіберген…

56
фото qadam.asia

Айдың күнінің аманында бәс тігемін деп басын тігіп, басы бәлеге қалғандардың саны күн санап артып келеді. Соның айғағыңдай Түркістан облысы Созақ аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен сотталушы А. деген азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы А. алдын 2023 жылғы 3 шілдедегі сот үкімімен ұрлық қылмысы бойынша 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған.
Сотта анықталғандай: сотталушы А. 2024 жылдың 26 қаңтарынан бастап 2024 жылдың 4 ақпаны аралығында 3 жәбірленушінің 3 миллион ақшасын оларды еңбек ақысы жоғары жұмыстарға орналастырып беремін деп алдау жолымен жымқырған.
Басты сот талқылауы бойынша сот отырысында А. жәбірленушілерден жымқырған ақшаларды «1Xbet» букмекерлік кеңсесіне бәс тігу (ставка) ретінде тіккені жөнінде айғақ берген.
Сот шешім қабылдау барысында, сотталушы А. алдын меншікке қарсы ауыр санаттағы қылмысты жасағаны үшін пробациялық бақылауда жүріп, түзеу жолына түспей қайта меншікке қарсы ауыр санаттағы қылмысты жасағанын, оның қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті қоғамға қауіпті екендігін ескеріп А. ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып, оған осы баппен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
ҚК-нің 60,61-баптарына сәйкес, осы үкімге алдыңғы үкіммен тағайындалған бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөліктерін ішінара қосу арқылы, сотталушы А.түпкілікті 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
А. жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді.
Қу интернет ойынының салдары А-ның бас бостандығынан айырылуына әкеп соқты. Себебі, сотталушы жәбірленушілерге қатысты алаяқтық қылмыс жасап, соңғылардан оңай жолмен жымқырған ақшаларын «1Xbet» букмекерлік кеңсесіне ставка ретінде тігіп отырған.
Қорыта келе «Бәс тігемін деп — Бас тігуден» сақ болайық.