Шымкентте қараша халық Наурыз мерекесін Қажымұқан стадионы маңына тойлауға жиналған. Мұнда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары дәріптелді.
Мерекенің көркін оюлы шашбау, қос етек көйлек киген арулар қыздырды. Олар стадионға жиналған қала тұрғындарына әсем ән мен мың бұралған биін тарту етті.
Әрине, дәстүрлі мейрамды Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Тұран ауданының мерекелік тойына Гүлжауһар Кемелбекова 30 литр көжесін ала келіпті.
«Бізде көже ұлттық тағамның бірі болып есептеледі. Мұның ішінде 7 түрлі дән салынады. Тары, бидай, ақ жүгері, сары жүгері саламын. Жеті түрлі тағам болуы керек. Ол қыстан аман-есен шыққанымыз, Наурызға жеткеніміздің дәлелі. Иммунитетті көтереді. Керемет көжеміз ұлттық тағамның бірі», — дейді қала тұрғыны Гүлжауһар Кемелбекова.
Мерекеде қол күресі, гір тасын көтеру сынды бірқатар ұлттық ойын түрінен сайыс өтті. Сонымен қатар жігіттер қауымы ләңгі теуіп, өз бақтарын сынады.
Керемет кешке жиналған жұртшылық концерттік бағдарламаны тамашалап, дәстүрлі мейрамда бір-біріне ізгі тілегін арнады.
«Құрметті, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді Ұлыстың ұлы күн — Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Береке-бірлігіміз арта берсін», — дейді Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.
«Биылғы Наурыз бәрімізге табыс, елімізге береке алып келсін. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын», — дейді қала тұрғыны.
Ұлыстың ұлы күні қаламыздың бірнеше жерінде бір мезетте атап өтлді. Ал мерекелік іс-шара Әл-Фараби алаңында жалғасты.
Әл-Фараби ауданы ұйымдастарған Наурыз тойында нағыз Ұлыстың ұлы күні сезіледі. Себебі күні жылынып, халықтың жүзіне күлкі үйріле бастады. Ал Арбат алаңы ұлттық тағамдардың аллеясына айналды.
Қала тұрғындары мерекеге ерекше дайындалып келіпті. Олардың бірі отбасымен ұлттық киім кисе, қыздар шашбау, шекелік, білезігін тағып, қазақ дәстүрін жаңғыртуды қолға алған.
«Бүгінгі Наурыз мерекесі құтты болсын. Бүгін шекелік, тұмар тағып шықтым. Бәрі менен көзін аумауда. Ерекше сезімде жүрмін. Күнделікті осылай жүрсек те болады екен».
«Бүгін 22 наурыз мереке құтты болсын! Бүгін осылай қазақы киім киіп шықтық. Өзіміз де керемет көңіл-күйдеміз, қала тұрғындары да сондай қуанышты».
«Бүгін күшті атмосфера болып жатыр. Наурыз мерекесі құтты болсын! Қазақ елі өсіп-өніп, гүлдене берсін», — дейді қала тұрғындары.
Әл-Фараби алаңында қаз қатар киіз үйлер тігіліп, кимешек киген әжейлер ән салып, мереке көркін кіргізді.
Мұнда 6-8 қанатты қарүй құрылып, жиылған жұртқа ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызды.
Баян Әділбекова қазақтың киіз үйі ыстықта саялайтын, суықта паналайтын жылы мекені болғанын айтады.
«Киіз үйімізде оюлы кебеже, көрпеміз бар. Мінекей шаңырақ, уық келтіріп, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, қала тұрғындары мен қонақтарына шашуымызды алып келдік», — дейді №2 аурухана дәрігері Баян Әділбекова.
Жаңа жыл басында қала халқы бір-біріне амандық пен бақ-береке тілеуді дәстүрге айналдырған. Ежелгі әдет-ғұрып бойынша шығыс халықтары Наурыз мерекесін бір ай бойы тойлаған. Ал биыл үшінші мегаполистіктер мейрамды 10 күн бойы атап өтті.