Түркістан облысы аумағында өзен сулары көтерілуі мүмкін

30

Түркістан облысының таулы аймақтарында өзен сулары көтерілуі мүмкін. Мамандардың сөзінше 28 мен 29 наурызда қатты жауын жауып, салдарынан ағынды сулар тасу қаупі басым. Сондықтан төтеншеліктер сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес беріп отыр.

Арыс өзенінің суы 45 сантиметрге көтерілген. Ал гидрологтар 27 мен 29 наурыз аралығында таулы аймақтардағы ағынды сулар көтерілетінін айтып, дабыл қағып отыр. Оған себеп жаңбырдың шамадан тыс жаууы дейді.

«Түркістан облысы бойынша таулы және тау бөктеріндегі өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Себебі жауын шашынның қатты болуына байланысты. Су көтерілсе, өзен айналасындағы елді мекендерді, жолдарды су басу қаупі бар», -дейді РМК “Казгидромет” Түркістан облысы бойынша филиалының жетекші инженері Азамат Алиев.

Гидрологтар қазір тұрақты түрде тексеріс жүргізіп жатыр. Аталған жайтқа байланысты жауапты департаментке хабарлама жіберілген. Ал төтеншеліктер қазір жағдайдың тұрақты екенін айтады.

«Қазір олбыс аумағында жағдай тұрақты. 28-29 наурызда қатты жаңбыр жауады деген ақпаратқа байланысты, азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындыққа келтірілді. Инертті заттар, құм салынған қаптар дайын тұр. Алдын алу шаралары жасалып жатыр», – дейді ТО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқарма бастығы Нұрлыбек Рахымбердиев.

Айта кетейік, Түркістан облысы аймағында 20 өзен бар. Онда судың деңгейін бақылап отыратын 30 бекет орналастырылған. Қазір онда мамандар жағдайды барлап отыр.