Түркістанның туризмі Берлиндегі халықаралық көрмеде таныстырылды

28

Туризм саласында тәжірибе алмасу мақсатында Германия елінің астанасы Берлинде жыл сайын ITB Berlin 2024 туристік көрмесі өтеді. Оған әлемінің түкпір-түкпірінен 180-нен аса мемлекеттің өкілдері шақырылады. Биыл Қазақстан бұл ауқымды іс-шарада белсенділік танытып отыр. ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бастаған топ еліміздің мәдениеті, ұлттық құндылықтары, тартымды туристік маршруттарын таныстырып жатыр.

5-7 наурыз аралығына жоспарланған халықаралық көрмеге Түркістан өңірінің делегациясы қатысуда.
Атап айтқанда, Түркістан облысы Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры Серік Сандыбаев, «Керуен сарай» және «Top Tobe Grand Hall» кешендері, «Rixos Turkistan» қонақ үйі, «Turan Tour» туристік операторы, «CIT Travel» туристік агенттігі арнайы стендте Түркістанның туристік әлеуеті жайлы ақпараттарды ұсынуда.
Нұрдәулет Медеуовтың айтуынша, неміс халқының және әр елден келген қонақтар, тәжірибелі сарапшылар мен туристік бизнес өкілдерінің Қазақстанның тарихына қызығушылығы жоғары. Оның ішінде Түркістаның туризміне қызығушылық танытып, мәлімет алмасып жатқандар көп. Саяхат технологиялары, халықаралық тенденциялар, туризм индустриясы, ұсыныстар мен нақты перспективалар сөз болуда.
Сондай-ақ «Pegasus Airlines», «Centrum Air», «Pegas» компания басшыларымен кездесу нәтижесінде Түркістан және Орталық Азияға туристерді алып келу және жаңа рейстерді қою мәселелері пысықталды. 1 миллионнан астам тұтынушысы бар, Германиядан бөлек Еуропаның әр елінде филиалы бар «99Travel» туристік компаниясының басшысы тарихи-танымдық және этнотуризм бағыттарында қызығушылық танытқан туристерді Түркістанға алып келуді жоспарлауда.
Одан бөлек, Оңтүстік Кореяда Түркістанның жарнамасын ұйымдастыруды және туроператорларды ақпараттық турға шақыра отырып, Орталық Азияда бірлескен турөнімдерді ұсыну арқылы Оңтүстік Корея туристерін Түркістанға алып келу бойынша «Luda Travel» компаниясының басшысымен талқылаулар мен келіссөздер жүргізілді. Екі күн ішінде Германия, Франция, Испания, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің 40-тан астам туристік компания басшыларымен кездесулер өтіп, әріптестік орнатылды.
Айта кетейік, Берлиндегі ең ірі туристік көрмеге Түркістан өңірінен өзге Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу облысының өкілдері, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ қатысуда.