Шымкенттік «TOLEM Q» ЖШС отандық такси қызметін әзірледі. Жаңа жоба 1 мамырдан бастап іске қосылмақ. Осы орайда компания басшылығы қала тұрғындарына арнап тиімді жеңілдектер қарастырып отыр. Сонымен қатар жүргізушілер үшін керемет жаңалық. Мұнда үстемақы көлемі ең төмендетілген пайызбен есептелінбек.
Шымкентте жағымды жаңалық. Қалада 1 мамырдан бастап «TOLEM Q» ЖШС «TOLEM TAXI» қызметін іске қосады. IT компанияға тиесілі 100% отандық өнім 2 жылға жуық жоспарланып, жан-жақты дайындалған. Мекеме директоры қала тұрғындары үшін барлық мүмкіндікті қарастырдық дейді.
«Біздің қызметіміздің тиімділігі ең аз пайыздық төлемінде. Яғни қазір Яндексті алатын болсақ 15-20 пайыздық өтемақы алады. Ал біздің жүйеміз біріншіден Қазақстандық, екіншіден өтемақысы ең төменгі. Біз 7 пайызбен жұмыс жасайтын боламыз. Сонымен қатар, тек пайыздық емес тиімді болуы үшін абоненттік түрі де бар. Арасында негізгі жұмысынан бөлек такси қызметін көрсететін жүргізушілер болса, оларға арзан, қолайлы тарифтер белгіленген. Жолаушыларға келетін болсақ, біздің пайыздық ұстаным аз болғандықтан, жол ақысы да төмен болады», — дейді «TOLEM Q» ЖШС-нің директоры Ерлан Нұрланұлы.
Тиімді жобаны жүзеге асыруға еліміздің үздік ІТ мамандары шақырылған. Ал тұтынушылардың мекен-жайын дәл табу мақсатында 2GIS басшылығымен арнайы келісімшарт та жасалыпты. Қазір компания ұсынысын қабыл алған 900 көлік иесі келесі айдан бастап, шымкенттіктер үшін қызмет көрсетуде сақадай сай тұр.
«Үш түрлі тариф бар. Эконом, комфорт, бизнес. Және тағы бір тариф қосып жатырмыз. Ол минивэн. Сонымен қатар қосымшада жеткізу, ауыр жүкті тасымалдау қызметі болады. Тек қала ішінде ғана емес, таксилер қала арасында да жүреді. Соны қолданса да болады. Бізде нұсқаулық сайты бар, біздің жеке әлеуметтік желідегі парақшаларымызда ақпараттар тұрады. Қалай қолдану керек, қалай тапсырыс беру керек түсіндіріп береміз», — дейді «TOLEM Q» ЖШС директорының орынбасары Бекболат Бақбергенұлы.
«TOLEM TAXI» қызметін қосуға 4,5 млрд. теңге инвестиция салынды. Сонымен қатар қазір Қытай елінен арнайы комфорт негіздегі 1000 көлік сатып алу жоспарда бар. Сол арқылы арзан әрі сапалы отандық қызмет түрін қалыптастыру көзделіп отыр. Ал жаңа қосымшаны қолданған азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Ол арқылы такси қызметіне тіпті арзан қол жеткізуге болады. Айта кетейік, төлем такси қызметі тұрғындар тарапынан қолдау тапса, Астана, Алматы қалаларында да ашылу мүмкін.