Д.Сатыбалды инвесторлармен бірқатар жаңа жоба талқылады

49

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық инвесторлармен кездесті. Бұл жолғы инвестор ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалыспақ. Олар облыс аумағында талдау жұмысын жүргізіп, жобасын пысықтайды.

Қытайлық компания өкілдері өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқысы келетінін жеткізді. Инвесторлар осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз дейді. Олар азық-түлік өндіріс саласына да қызығушылық танытып отыр.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы туралы түсіндірді. Оның сөзінше мұнда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері бар. Әрі түрлі салықтық жеңілдіктер де қарастырылған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біз үшін біздің бірлескен жобалаларымызды дамыту, жаңа жобаларды жүзеге асыру – аса маңызды. Инвесторлар үшін жеңіл өнеркәсіп саласында бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі бар. Біздің еліміз тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілетін Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылатынын атап өткен жөн. Осылайша, біздің облыста бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар. Әр инвестормен мен өзім жеке байланыстамын. Әр жобаны бірге ақылдасып, жүзеге асыруға шақырамын»

Түркістан облысы бойынша дайын инфрақұрылымы бар 9 индустриялық аймақ орналасқан. Сонымен қатар 42 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Биыл 9 құрлыс жұмысы аяқталмақ. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының тауар айналымы ҚХР-мен 135 млн. АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 84 млн. АҚШ доллары болса, импорт – 51 млн. Доллардан асқан.