Нұрсәт шағынауданының тұрғындары көпқабатты үйдің артындағы қазылған шұңқырдың орнына саябақ салып беруді сұрайды. Айтуларынша құрылыс нысанының орны бірнеше жылдан бері бос тұр. Ал онда жиналған су, тұрғын үйге кіретін көрінеді. Тұрғындардың талап-тілегін әріптесім тыңдап қайтты.
Шымкенттегі тұрғындардың сөзінше, Нұрсәт шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің артын есірткіге тәуелді адамдар тұрақты мекен етіп алған. Үйсіздер мен есірткі іздеп келетін жастардан қорқамыз дегендер құзырлы органдар бір шара қолданса екен дейді. Балаларымыз ойнап, бір қатерге ұрынып қала ма деп қорыққан тұрғындар, осы уақытқа дейін үй артына жиналатындармен күресіп, олардан қалған зиянды қалдықтарды тазалаудан шаршағанын айтады.
«Өткенде осы жерді тазаладық, бұл жерде 500-дей шприц жатқан. Мына жатқанның бәрі жаңадан келген шприцтер. Наркомандардың притондары осы жер. Өзіміз жинап жүрміз.
-Қанша уақыттан бері осындай жағдай?
-3 жылдай болды», — дейді тұрғын.
Болат Қасымбеков Нұрсәттегі 200-үйде 15 жылдан бері тұрады. Сөзінше, үй артында қазылған шұңқыр көптеген жылдан бері тұр. Құрылыс жүрмеген соң, орнын балалар ойын алаңы етіп алған. Көпқабатты үй тұрғындары егер ешқандай нысан бой көтермесе, онда жергілікті халық үшін шағын саябақ салып берсе екен деген тілегін білдірді.
«Қазылып жатыр, бұған жиналған су қайда барады? Біздің үйіміздің астына барып жатыр. Бұл осылай тұрғанына 4 жыл болды. Әкімшілікке жазғанбыз, ешқандай әрекет болған жоқ. Топырақтан жазда үйге шаң кіреді. Балалар ойнайды мұның үстіне шығып, құлағандары да бар, жиналған суға түседі пенопластқа мініп қайық қылып», — дейді Болат Қасымбеков.
Тұрғындар айтқан проблемадан жауаптылар хабардар болып шықты. Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, жекенің жеріндегі қазылған шұңқырдың қоршалмауына байланысты ескерту берілген.
Құдайберген Қалдықараев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Үйдің артында бір кісілер ішімдік ішеді екен, шприцтар жатыр, көрдік. Оның бәрін тазалап, жұмыс жүргізіп, құзырлы органға хат жолдадық. Ол жерде күнделікті рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, тыныштық сқтау мақсатында жұмыстар жүргізілетін болады. Қазіргі таңда тазалығын ретке келтіріп қойдық. Бізге демалатын орын салып бер деп жатыр да, ол жекеменшік жер. Оған котлован қазылған, құрылысы басталуы керек болатын. Ол бойынша кәсіпкерге түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Құрылыс басталар алдын ол жерді қоршау керек. Оның үстіне бірнеше жыл тұрып қалған обьект, ол бойынша түсіндірілді».
Бұған дейін тұрғындар көтерген қаңғыбас ит-мысық мәселесі шешілгенімен, қоқыс тастайтын орынның айналасын қоршау проблемасының түйіні қазірше тарқамай тұр. Жауаптылар бұған қаржы қаралмағанын, дегенмен тұрғындар өтініші ескеріліп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізіледі дейді.