Көшпенділер ойынына дайындық басталып та кетті

67
фото Шымкент спорт

 

 

Ұлттық спорт Бүгінде Шымкент қаласында ұлттық спорт түрлері қарқынды даму үстінде. Оған жастардың ынтасы жоғары. Әсіресе жамбы ату түріне қызығушылардың қатары артып келеді. Оған әрдайым үшінші мегаполисте өтіп тұратын халықаралық дәрежедегі жарыстардың өткізілуі де септігін тигізуде.

Жуырда ғана Шымкент қаласында алғаш рет ересектер арасында жамбы атудан Азия чемпионаты өткен болатын. Осы құрлық чемпионатында 14 мемлекеттен яғни, Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиландтан спортшылар қатысқан болатын. Аталмыш жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

 

Осы аталмыш жарыс барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызы зор екеніне тоқталып өткен болатын.

 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек: «Елімізде ұлттық спорттың дамуына айырықша назар аударылып келеді. Биыл Астана қаласында дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Шымкент қаласы спортшылары да ұлттық құрама сапында жауапты сайысқа қатысады. Ұлттық спортты дамытуда қаламызда кезекті рет халықаралық бәсеке ұйымдастырылып отыр», — деген болатын.

 

Спортшылар 4 стиль яғни, жамбы, түркі, азия, мажар стильдері бойынша жарысқа түсті. Әр стильдің өзіндік өрнегі бар. Спортшылар жарыс барысында жанын салып сайысты. Ойын өте тартысты өтті. Шетелдік спортшылар да өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді. Өз ойыншыларымыз да осал еместіктерін танытты. Жарыс барысында түрлі қазақтың ұлттық ойындары шетелдік қонақтарға паш етілді. Қыз қуу, аударыспақ, көкпар сынды ойындар шетелдік қонақтар тарапынан қызу қолпаштау тапты.

 

Айта кетсек, Азия чемпионаты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылған болатын. Аталмыш шараға шымкенттік спортшылар дайындықты әзірден-ақ бастап кеткен. Күнгейліктердің арасынан кіл мықтылар іріктеліп алынды. Енді олар үшінші мегаполистің атағын аспандату үшін барын салатын болады.

Бастысы еліміздің абыройы үшін оңтүстіктің оғландары оза шауып бәйге алары анық. Өйткені үшінші мегаполисте ұлттық ойындар мықты дамығаны белгілі. Сондықтан да көшпенділер ойынында олар үздік ойын өрнегін көрсетері анық.