Қысы жылы Шымкент биыл жаңа жылды өзгеше қарсы алмақ. Қалада тірі шыршалар қойылып, алғаш рет ашық аспан астындағы мұз айдыны ашылды. Мерекеге дайындық барысын тілшіміз баяндайды.
Биыл Шымкенттің жаңа жылға дайындығы ерекше. Қала көшелеріне 81 дана тірі шырша қойылды. Тіпті орталық алаңдағы бас шырша да табиғи. Айта кетерлігі қазір мерекелік көңіл-күй сыйлап тұрған ағаштар көктемде қайта егіледі екен.
БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Біз барлығын әкеліп, отырғыздық. Арнайы өздерінің топырағымен келген шыршалар. Көктемгі ағаш егу жұмыстары кезінде осы қала аумағында отырғызылатын болады барлығы, ол шыршалардың барлығы бюджеттен қаржы қаралған жоқ. Демеушілердің есебінен алынды. Яғни, қаламызға сыйға берілген шыршалар».
Сонымен қатар, қысы жылы әрі жауынды болатын Шымкентте тұрғындар игілігіне бірнеше мұз айдыны берілді. Бірер апта алдын іске қосылған орындарда қазір көңіл көтеріп, сырғанақ тепкен халық көп. Биыл алғаш рет жасалған ашық аспан астындағы айдындар берік әрі сапалы мұзбен қапталды. Мамандар күн жылынса да мұз жамылғысы наурызға дейін сақталатынын айтып отыр.
ЖАРЫЛҚАСЫН МАШБЕК, ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен қаламызда үш мекенжайда 4 мұз айдыны ашылды. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында, жаңа жылдық көңіл күй сыйлау мақсатында жасалған дүние. Демеушілердің есебінен жасалған дүние, мемлекеттен бірде-бір қаржы бөлінбеген. 1700 шаршы метрді қамтиды біреуінің аумағы»
Әкімдік көшелерді сәндеп жатқанда, тұрғындар өз үйлерін безендіруге кіріскен. Шымқала жұрты баспанасына көбіне жасанды шыршаларды сатып алады екен.
МЕРУЕРТ ӘШІРБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Тірі шырша удай ғой. Бағасы әжептеуір. Қалта көтермейді ғой оны. Бізге осылар дұрыс. Қалта көтереді жақсы»
МАРАТ СӘПИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Тірі шыршаларды қырқу заңмен қудаланады, алуға болмайды. Сол үшін осындай жасанды шыршаларды алып келген. Әдемі екен. Өздері ерекше. Сол үшін қарапайым халыққа осы шыршалар өте қолжетімді болады»
Айта кетейік, мегаполистегі бас шыршаның биіктігі 18 метр. Оны безендіру үшін ұзындығы 4 шақырымға жететін жарықшам ілінген. Жалпы биыл қаланы әсемдеуге қазынадан 100 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініпті.
Лаура Бабас






