Төлеби ауданында кәмелетке толмаған қызды ауылдасы зорлады деген күдікке ілінді. Қазір сезікті жасөспірім жігіт қамауға алынған. Қазір жағдай тұрақталды. Дегенмен құқық қорғау қызметкерлері ауыл ішін бақылауға алған.
Әлеуметтік желіде Зағамбар ауылында кәмелетке толмаған ер адам оқушы қызды зорлады деген ақпарат тарады. Мәселенің анық-қанығын білу үшін біз оқиға орнына келдік. Дегенмен мұнда құқық қорғау қызметкерлері елді мекенді күзетіп тұр. Айта кетейік, полиция департаменті ауданда зорлау фактісі орын алғанын растады.
Жәбірленуші тараптан ақпарат алу мүмкін болмады. Ауыл тұрғындарының сөзінше, отбасы мүшелері орын алған жайтқа байланысты аудан орталығына кеткен көрінеді. Ал ауыл ішінде жүрген адам саны аз. Аймақтағы жағдайды ести сала келген облыстық әкімдік өкілдері азаматтарды сабырға шақырыпты.
«Таңертеңнен бері жиналыс болып жатыр. Облыс басшысының орынбасары келді. Ал қызға қатысты ештеңе білмеймін. Әкесі өте жақсы кісі. Отбасымен тәрбиелі- оқыған жандар. Не болғанын түсінбей қалдық», — дейді Зағамбар ауылының тұрғыны.
Ал құзырлы орган зорлау фактісіне қатысы бар болуы мүмкін күдікті жасөспірімнің қамауға алынғанын айтады. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр.
«Полиция Төлеби ауданындағы «кәмелетке толмағанға» қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша тергеу жүргізуде. Күдікті кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сараптама тағайындаумен қатар қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Барлық жағдайлар анықталуда», — дейді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазір ауыл көшелерін полиция қызметкерлері бақылауға алып, рейд жүргізіп жүр. Сонымен қатар кешкі уақытта күзет саны күшейтілмек.