Қайтарымсыз грант конкурсының бірінші легі кейінге шегерілді. Мамандар мұндай шешім еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қабылданды дейді.
8 сәуірде бизнес бастауға ниетті азаматтар өтініші қабылдану керек еді. Алайда дәл сол күні таңғы 9-да «Business.enbek.kz» порталындағы өтінім беті алынып тасталды. Жауапты басқарма алдағы уақытта нақты мерзімін жариялайтынын жеткізді.
«Бірінші легі 8 сәуір мен 19 сәуір аралығында өтуі керек еді. Алайда еліміздің кейбір өңірлерінде төтенше жағдай орын алуына байланысты 1 лек кейінге шегерілді. Кейінге шегерілген себебі ол өңірлер уақытша өтінім тастай алмайды. Сол өңірлерді де қамту үшін алдағы уақытқа ұзартылды», — дейді Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығы директор орынбасарының м.а. Асылбек Қабылбек.
Айта кетейік, биыл Шымкентте 426 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде қомақты қаражат беру көзделген. Ол үшін 629 млн теңге бөлініпті. Ал бірінші лекте 2 мыңнан аса азаматтың бизнес жоспары қабылданады деп жоспарланған.