Былтыр Шымкентте қауіп-қатерлі аурулардың алдын алу мақсатында МӘМС есебінен 1 миллионнан астам профилактикалық тексеру қызметтері көрсетілді. Оның ішінде скринингтік тексерулерге ерекше көңіл бөлінген. Мұның барлығы да халықтың денсаулығын сақтау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар.
Денсаулық сақтау саласындағы медициналық тексеру, вакцина салу және тәуекел факторларын анықтау сынды өзекті мәселелер қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен өткен алқа отырысында кеңінен талқыланды.
Жиында сала басшылығы тарапынан 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыс қорытындылары, вакцинамен басқарылатын инфекциялардың эпидемиологиялық ахуалы және науқастарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы баяндалды.
“Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек алқалы жиында сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесімен қамту барысымен таныстырды.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша халық саны 1 миллион 229 мың адамды құрайды. Тұрғындардың 80 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. 225 мың адам сақтандырылмаған. Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыруда. Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған тұрғындар саны 720 735. Жалпы, халық санының 58,7 пайызын құрайды.
Бүгінде скринингтік тексерулерден өткендер қатары артып келеді. Бұл өз кезегінде қауіпті аурулардың алдын алуда тиімді әдіс болып отыр. Алдағы уақытта да скринингтік тексерулер жалғасын табатын болады.