Шымкентте қайтарымсыз грант алған 97 азаматтың ісі сотқа жіберілді. Олар мемлекеттен алған қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны белгілі болған. Оған қарамастан биыл да жоба жалғасын табады. Ал құжаттар қабылдау 8 сәуірде басталады деп жоспарланған.
Шымкентте былтыр 452 адамға қайтарымсыз грант берілген. Алайда мониторинг кезінде оның 131-і қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны белгілі болды. Сондықтан қазір ақшаны қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«131 адамның ішінде, 97-сі сотқа берілген. Сот қарауында жатқаны 62. Сот шешімі шыққаны 5. Яғни, кейбір азаматтар «мен бұл жұмысты аша алмадым. Кәсібімнің қаржысын кері қайтарамын» деп, медиациямен қайтарып жатқандар бар. Олар 30 азамат», — дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Ал биыл қомақты қаражат 426 адамға беріледі деп жоспарланған. Сәуір айының 8-інен бастап бірінші лекке құжат қабылдау жұмысы басталады. Жобаға қатысу үшін өтінішті business.enbek.kz сайты арқылы тастауға болады.
«Грантқа үміткерлер, яғни халықтың осал тобына жататын азаматтар. Бұған 2023 жылы 610 млн теңге бөлінсе, 2024 жылы 628,8 млн теңге бөлініп отыр. 2024 жылы грант екі лекте беріледі. Оның біріншісі — сәуір айында 213 адамға және маусымда 213 адамға беріледі», — дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
2024 жылы қайтарымсыз грант қаражаты өсті. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шарасының соммасы 1 476 800 теңгені құрады. Айта кетейік, бұл жоба 2019 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келеді.