«Таза Қазақстан» жалпы республикалық акциясы еліміздің оңтүстік өңірлерінен басталды. Акция аясында «ҚазақГаз» Ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ Шымкент филиалының ұжымы нысандарының орналасқан аумағын, сондай-ақ оларға іргелес аймаққа тазалық жұмыстарын жүргізді. «Тазалық өзімізден басталады» деген ұранды ұстанған кәсіпорын қызметкерлері сенбілікке белсене қатысты.
«Тазалық пен тәртіп — өзіңе және айналаңдағы жандарға деген құрмет», дейді «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының қызметкерлері. Сондықтан, тазалық сақтау — компанияның бұлжымас алтын ережелерінің бірі. Өйткені, уақытында тазаланбаған қоқыс – тілсіз жаудың көзі болуы мүмкін.
Сабыр Бөріқожаев, Ақбұлақ желілік өндірістік басқармасының электр-химиялық қорғау қызметінің басшысы: «Бір адамдай атсалысып сенбілікке шығып жатқан жағдайымыз бар. Тазалық деген барлық жерде керек нәрсе. Тазалық бар жерде тәртіп болады, бұл акция бір күндік емес. Бізде де қалыптасқан дәстүр бар. Әр жұма – тазалық күні белгіленген».
Сенбілік кәсіпорынның барлық 11 филиалында және облыстың барлық 32 газ тарату станциясының аумағында өтіп жатыр. Ал кәсіпорынның басты міндеті — Қазақстан Республикасының Газ тасымалдау жүйесін пайдалану және техникалық қызмет көрсету болғандықтан, оның тазалығын сақтамай орындалуын қамтамасыз ету іс жүзінде мүмкін емес. Сонымен қатар, дұрыс әдет – бұл жас кадрлар үшін жақсы үлгі.
«Бұл акцияның беріп жатқан пайдасы – соңымыздан еріп келе жатқан жастарға үлгі ретінде болады. Неге десеңіз, жастар біздердің мына тірлігімізді көріп, осыдан үлгі алады деген үміттемін», — дейді Ақбұлақ желілік өндірістік басқармасының электр-химиялық қорғау қызметінің басшысы Сабыр Бөріқожаев.
Айта кетейік, «Интергаз Орталық Азия» АҚ газ құбырларына қызмет көрсетумен қатар, үш жерасты газ қоймасын пайдалануда. Оның бірі — Түркістан облысындағы 350 000 мың текше метр газ сақталатын, облыс пен мегаполис үшін қажетті көлемде газ қорына кепілдік беретін бір жарым разрядты жерасты газ қоймасы. Мұндай нысандарда тазалық – бірінші орында!